The Dala Times ақпараттық сайты
Ақпарат

ЮНФПА басшысы Астанадағы акушерлік және балаларға медициналық көмек көрсету қызметінің жұмысын жоғары бағалады

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ Халық қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) атқарушы директоры Диен Кейта Қазақстанға алғашқы ресми сапары шеңберінде Астана қаласының №2 көпбейінді қалалық ауруханасына барды.  Мұнда ол Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің алып жүруімен еліміздің жетекші перинаталдық орталықтарының бірінде жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жұмыстарымен танысты. Сапар барысында делегация босандыру бөлімшесін, босанғаннан кейінгі палаталарды, амбулаториялық және неонаталдық блоктарды аралады. ЮНФПА өкілдеріне жүкті әйелдерге көмек көрсету маршруты, акушерлік процесті ұйымдастыру және аналар мен жаңа туған нәрестелерге кешенді медициналық көмек көрсетудің заманауи тәсілдері таныстырылды.

Елордадағы перинаталдық орталықта жыл сайын шамамен 14 мың сәби дүниеге келетінін айта кеткен жөн.

Делегация босандыру залдарының жабдықталуымен танысып, ана мен баланың бірге болуына арналған бөлімшеде болды.  Сапар шеңберінде мекемеде көрсетілетін неонатологиялық көмектің толық спектрі, оның ішінде жаңа туған нәрестелерді реанимациялау, шала туған сәбилерді күтіп-баптау жағдайлары, оңалту және катамнестикалық бақылау жүйесі таныстырылды. Сонымен қатар, ұрық медицинасы саласындағы заманауи технологиялар, оның ішінде ұрықтың күрделі даму патологиялары кезінде жатырішілік операциялар, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге жасалатын жоғары технологиялық хирургиялық араласулар көрсетілді. Делегацияға туа біткен даму кемістіктерін ерте анықтап, пациенттерді мамандандырылған орталықтарға босандыру үшін уақтылы жіберуге мүмкіндік беретін пренаталдық скрининг жүйесі туралы да баяндалды. Қонақтарға ұрықты қорғау орталығы мен жүкті әйелдерді кешенді әрі жедел тексеруді қамтамасыз ететін «Бір күндік клиника» таныстырылды. Сапар қорытындысы бойынша Диен Кейта жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру деңгейін және Қазақстандағы перинаталдық қызметтің дамуын жоғары бағалады.

«Бұл — халыққа сапалы қызмет көрсететін нағыз аурухана. Мен қатты әсер алдым және әлем бойынша сөйлейтін сөздерімде сіздердің клиникаларыңызды мысал ретінде міндетті түрде атап өтемін», — деді ЮНФПА басшысы.

Оның айтуынша, мультидисциплинарлық тәсіл мен бейінді мамандардың толық құрамының болуы ерекше маңызды.

«Мен үшін мұнда жүкті әйелдердегі барлық аурулар мен жағдайлардың толық спектрін қамти алатын арнайы бейінді мамандардың болуы өте маңызды», — деп атап өтті ол.

Сапар барысында сондай-ақ Қазақстан мен ЮНФПА арасындағы медициналық кадрларды даярлау және қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту саласындағы одан арғы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Шаруаларды ағын сумен қамту ісі тұрақты бақылауда

admin

ТҮРКІСТАН: аудан аумағындағы мәдениет және спорт, ішкі саясат саласындағы өзекті мәселелермен қаралды

admin

Мемлекет басшысы еліміздің креативті индустрия өкілдерімен кездесті

admin