The Dala Times ақпараттық сайты
АқпаратБасты жаңалықҚоғамСаясат

Болашақ құтқарушылар сыны: өңірде дәстүрлі слет өтті

Қазақстанда өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын дамытуға және алғашқы көмек көрсетуге үйретуге бағытталған «Жас құтқарушылар» қозғалысы жылдан-жылға кең қанат жайып келеді. Осы бастаманың аясында еліміздің барлық өңірлерінде дәстүрлі жарыстар ұйымдастырылып, үздік командалар республикалық деңгейде бақ сынауға мүмкіндік алуда.

Түркістан облысында да жасөспірімдердің азаматтық жауапкершілігін арттыруға және құтқару ісіне қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған дәстүрлі облыстық «Жас құтқарушылар» слеті жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ауқымды шара Төлеби ауданындағы табиғаты ерекше Біркөлік шатқалында орналасқан «Тау барысы» туристік лагерінде өтті.

Облыстық слетті Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық Білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын, жауапкершілігі жоғары азаматтарды тәрбиелеу.

Қазіргі таңда табиғи апаттар, өндірістік авариялар, судағы оқиғалар мен тұрмыстық төтенше жағдайлардың алдын алуда халықтың қауіпсіздік сауаттылығы маңызды рөл атқарады. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап балаларға қауіпсіздік ережелерін үйрету, алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгерту және төтенше жағдай кезінде әрекет етуге баулу – мемлекеттік маңызы бар міндеттердің бірі.

Биылғы слетке облыстың қала және аудандарында өткен іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен 11 команда қатысты. Қатысушылар бірнеше күн бойы түрлі сынақтардан өтіп, өздерінің физикалық дайындығын, білім деңгейін және командалық үйлесімділігін көрсетті.

Жарыс бағдарламасы шынайы құтқару қызметінің элементтеріне негізделді. Қатысушылар арқан арқылы кедергілерден өту, зардап шеккендерді қауіпсіз жерге эвакуациялау, судағы құтқару тәсілдерін қолдану, алғашқы медициналық көмек көрсету, шатыр тігу, бағытты анықтау және төтенше жағдайлар кезінде жедел шешім қабылдау бойынша сынға түсті.

Әсіресе құтқару операцияларын модельдеу кезеңдері ерекше қызығушылық тудырды. Бұл сынақтарда жасөспірімдер күрделі жағдайда сабыр сақтап, нақты әрі жылдам әрекет ету қабілеттерін көрсетті. Қазылар алқасы қатысушылардың тек дене дайындығына ғана емес, олардың ұйымшылдығына, жауапкершілігіне және көшбасшылық қасиеттеріне де назар аударды.

Мұндай жарыстардың тәрбиелік және практикалық маңызы зор. Өйткені қатысушылар қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын меңгеріп қана қоймай, күнделікті өмірде қажет болатын маңызды дағдыларды игереді. Төтенше жағдай орын алған кезде алғашқы минуттарда дұрыс әрекет ету адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретіні белгілі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің профилактикалық жұмысының маңызды бөлігі саналатын «Жас құтқарушылар» жарыстары оқушылардың қауіпсіздікке деген көзқарасын қалыптастырып, олардың өз өмірі мен айналасындағылардың өміріне жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Сонымен қатар бұл жоба жастар арасында еріктілік қозғалысын дамытуға және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне бейжай қарамауға тәрбиелейді.

Жарыс қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсеткен командалар жеңімпаз атанды. Бас жүлдені Арыс қаласының командасы жеңіп алды. Бірінші орын Төлеби ауданының командасына бұйырды. Екінші орынды Кентау қаласының жас құтқарушылары иеленсе, үшінші орын Қазығұрт ауданының командасына табысталды.

Енді өңірлік кезеңнің жеңімпаздары шілде айында өтетін республикалық «Жас құтқарушылар» слетінде Түркістан облысының намысын қорғайтын болады. Бұл жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үздік командалар бақ сынап, өзара тәжірибе алмасады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі жас құтқарушылардың арасында болашақта төтенше жағдайлар саласында қызмет ететін кәсіби мамандар көптеп шығуы мүмкін. Қазірдің өзінде көптеген қатысушылар өз болашағын құтқарушы мамандығымен байланыстыруға ниетті екендерін білдіруде.

«Жас құтқарушылар» слеті – жай ғана жарыс емес. Бұл – жас буынның бойында батылдық, тәртіп, төзімділік, өзара көмек және азаматтық жауапкершілік сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыратын өмір мектебі. Осындай жобалар арқылы қауіпсіздік мәдениеті нығайып, қоғамның төтенше жағдайларға дайындық деңгейі арта түседі.

Түркістан облысында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл ауқымды шара жас ұрпақтың құтқарушы мамандығына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қауіпсіз қоғам қалыптастыру ісіне де өз үлесін қосып келеді.

Ұқсас жаңалықтар

Реестрге тіркелу отандық кәсіпорындарға не береді?

admin

Төлебиде футбол алаңы ашылып, жасөспірімдер арасында алғашқы турнир өтті

admin

Мақтааралда партияның ұйымдастыруымен футболдан жарыс өтті

admin