The Dala Times ақпараттық сайты
АқпаратБасты жаңалықҚоғамСаясат

Газ қауіпсіздігі – адам өмірінің кепілі: Түркістанда тұрмыстық газды пайдалану талаптары кеңінен түсіндірілді

Түркістан облысында жылыту маусымы мен тұрмыстық газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Газ жабдықтарын дұрыс қолданбау салдарынан орын алатын төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Тұрмыстық газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары» тақырыбында арнайы брифинг ұйымдастырылды. Басқосуда жауапты мемлекеттік органдар мен газ саласының мамандары тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырып, газбен байланысты қауіп-қатерлердің алдын алу жолдарын кеңінен түсіндірді.

Брифингке Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Мейрамхан Кемелханов, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Асқар Шипеков, филиалдың бас инженерінің орынбасары Ақиқат Абдуллаев және Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков қатысты.

Кездесу барысында мамандар тұрмыстық газды пайдалану мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Олардың айтуынша, газдың өзі қауіп төндірмейді, алайда қауіпсіздік талаптарының сақталмауы ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін. Сондықтан әрбір тұрғын тұрмыстық газ жабдықтарын пайдалану кезінде белгіленген ережелерді мүлтіксіз орындауы қажет.

Брифинг барысында сөз сөйлеген азаматтық қорғау майоры Мейрамхан Кемелханов газ құралдарын орнату және пайдалану кезінде техникалық талаптарды сақтау, газдың шығуы мен көмірқышқыл газының жиналу қаупін болдырмау мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, тұрғын үйлерде болатын қайғылы оқиғалардың басым бөлігі газ жабдықтарының ақауы немесе оларды дұрыс пайдаланбау салдарынан орын алады. Әсіресе, өздігінен орнатылған немесе техникалық қызмет көрсетілмеген жылыту қазандықтары мен газ пештері адам өміріне үлкен қауіп төндіреді.

Мамандар тұрғындарға газ құрылғыларын тек лицензиясы бар мамандарға орнатқызуға, түтін және желдету арналарының жұмысын тұрақты түрде тексеріп тұруға кеңес берді. Сонымен қатар, үй ішінде газдың иісі сезілген жағдайда электр құралдарын қосуға немесе өшіруге болмайтыны, ашық от пайдалануға тыйым салынатыны және бірден газ қызметіне немесе төтенше жағдайлар қызметіне хабарласу қажеттігі айтылды.

«QAZAQGAZ AIMAQ» компаниясының өкілдері өңірде газ желілерінің қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Компания мамандары газ құбырларын жоспарлы түрде тексеріп, тұрғындарға техникалық кеңес беріп келеді. Сондай-ақ халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту арқылы газға байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу көзделіп отыр.

Брифинг барысында көмірқышқыл газынан уланудың алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайлардың негізгі себебі – мұржалардың бітелуі, желдету жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі немесе газ құрылғыларының техникалық ақаулары. Сондықтан әрбір тұрғын жылыту маусымы басталғанға дейін мұржа мен желдеткіш арналарының жағдайын тексертіп, газ жабдықтарына уақтылы техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуі тиіс.

Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті жыл бойы газ қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Қызметкерлер тұрғын үйлерді аралап, қауіпсіздік талаптарын түсіндіреді, жадынамалар таратады және халықпен кездесулер өткізеді. Әсіресе көпбалалы отбасыларға, жалғыз тұратын қарттарға және әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінеді.

Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау көптеген қайғылы оқиғалардың алдын алады. Газ жабдықтарын қараусыз қалдырмау, үй-жайларды тұрақты түрде желдетіп отыру, балаларды газ құрылғыларына жақындатпау және газ иісі байқалған жағдайда дереу тиісті қызметтерге хабарласу – әрбір азаматтың басты міндеті.

Брифинг соңында сала мамандары тұрғындарды өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Себебі газды пайдалану мәдениетін қалыптастыру, қауіпсіздік ережелерін сақтау және газ жабдықтарын тұрақты бақылауда ұстау – төтенше жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы. Түркістан облысында бұл бағыттағы түсіндіру және профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

Ұқсас жаңалықтар

Жамбыл: кальцийленген сода шығаратын зауыттың құрылысының барысы

admin

Түркістан облысында мақта өңдеу зауыты және тігін мата фабрикасы салынады

admin

Инвестициялық штаб: 7 жоба мақұлданды

admin