ШЫМКЕНТ: Үш ауысымды мектептер азайды

0

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Берік Серікұлы Оспанов Тұран шағынауданында жаңадан салынған, енді оқушыларды қабылдай бастаған мектепте болып, білім мекемесінің жұмысымен танысты. Шымкент қаласында биыл 5 үшауысымды мектептің мәселесі оң шешіледі. Бұл «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының 2021 – 2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында көрсетілген.
Партия филиалының бұл міндеттемесі жыл соңына дейін толығымен орындалады.
Тұран шағынауданындағы жаңа мектеп 1200 оқушыға арналып салынған. Бірақ, Тұран шағынаудананыдағы бірінші үлкен мектеп болған соң және қаланың көпқабатты үйлері осы маңда салынып жатқан соң, бұл мектепке келесі жылы 2 мыңнан аса оқушы қабылданады деген болжам бар. Мектеп директоры Ақтолқын Жайлаубаева сыныптардың біржақты орналасқаны, мектептің құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгеніне ешбір сын жоқ дейді. Тек, балалар бимен шұғылдану үшін бір бөлмені жұмсақ еден және қабырғаны айнамен қаптап қойса, керемет болар еді деген тілегін айтты. Бұл мәселені демеушілер есебінен шешу жолдары қарастырылатын болды.
Шымкент қаласында 14 үш ауысымды және 1 апатты жағдайдағы мектеп бар. «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының 2021 – 2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында бұл проблеманы шешудің нақты жолдары мен уақыты көрсетілген. Биыл 5 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі. Ал апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңасы пайдалануға беріледі.
Мәжіліс депутаты Б.Оспанов биыл Шымкент қаласында 4 мемлекеттік мектеп пен 19 жекеменшік метептің салынғаны – әлеуметтік салаға көп көңіл бөлініп жатқанының көрінісі екенін айтты.

ПІКІР ЖАЗУ