ШЫМКЕНТ: Әл-Фараби ауданының әкімі ескі қалашық тұрғындарымен кездесті

0

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев ескі қалашық шағын ауданы тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында тұрғындар аудан әкіміне өзекті деген мәселелерін жеткізді.

Қаламыздың ең үлкен даңғылдарының бірі саналатын Д.Қонаев жолайрығының салынуына байланысты туындаған қиыншылықтар ортаға салынды. Аудан әкімі жауапты мердігерлермен кездесіп, аталған мәселелердің 2-3 күннің ішінде шешімін табатынын айтты. Жолайрық құрылысы қала үшін маңызды жобалардың бірі екенін айтқан ол уақытша туындаған қиындықтарға тұрғындарды түсіністікпен қарауға шақырды.

Сондай-ақ, тұрғындар ескі қалашыққа 2 балалар алаңшасын салу жөнінде өтініштерін білдірді. Аудан әкімі бұл мәселені демеушілермен талқылап, жақын арада оң шешімін табатынын айтты.

Қонаев жолайрығының 3-кезеңдегі жұмыстар жалпы ұзындығы 6 жолақты 0,561 шақырымды құрайды. Ал жолдың ені 42 метр. Бүгінгі таңда 700 м екі бағытты айналма темір жолын, 948м кәріз құбырын салу, 3,4 шақырым кабель желілері, 24 темір жол электр бағаналарын және 2 дана жер асты жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату, темір жол өткелінің 24 дана свай құю, 12000м3 жер жұмыстары және 2 дана темір жол көпірінің негізін құю және 2 дана теміржол балкаларын орнату жұмыстары орындалған.

 


ПІКІР ЖАЗУ