ШЫМКЕНТ: «Тұран» шағын ауданына сапалы ауыз су берілді

0

Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырды. Шымкент қаласында осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Мәселен, қаладағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сапалы ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстарының бірі «Тұран» шағын ауданында.

Бұл шағын ауданда ауыз су жүйесін тарту жұмыстары 2018 жылы мердігер мекеме «Үшсай» ЖШС-гімен басталған болатын. Жалпы ұзындығы 59,8 шақырымды құрайды. Бүгінде ауыз су құбырының құрылысы 100 пайыз аяқталып, құбырларды жуып-шаю жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айының соңында «Тұран» шағын ауданындағы 12 600 адам сапалы ауыз сумен қамтылады. Жалпы аталған шағын ауданда 1745 жеке тұрғын үй мен 59 көпқабатты үй бар.

Еске салсақ, 2015 жылы бекітілген шаһардың бас жоспарына сай Тұран шағын ауданы қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан. Жалпы алаңы 1190 гактарды құрайды. Шағынаудан батысында Бәйдібек би даңғылымен шектеседі, солтүстігінде А-2 «Алматы-Термез» автокөлік дәлізі жатыр.

Айта кетейік, осы жылы мегаполисте 3 магистралды суаққы, тасымалды 7 елді мекен және аызсуды кестемен пайдаланып келетін екі елді мекеннің құрылысы аяқталып, 25,6 мың адам ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде, қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан 98 пайызға өспек.


ПІКІР ЖАЗУ