Әл-Фараби ауданы әкімшілігінің ұйытқы болуымен 281 жиналыс ұйымдастырылыпты

0

Мемлекет басшысының Жолдауы аясында ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, кондоминиум нысаны — көпқабатты үйлерді басқару ісіне реформа жасалды. Осыған сәйкес көпқабатты тұрғын үйлерде мүлік иелерінің бірлестігін және жай серіктестік құру жөнінде жол картасы әзірленді. Қазіргі таңда Шымкент қаласының төрт ауданында пәтер иелерін МИБ және ЖС-ға біріктіру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Соның ішінде, мәселен Әл-Фараби ауданы әкімшілігінің ұйытқы болуымен 281 жиналыс ұйымдастырылыпты. Онда тұрғындардың қатысуымен көпқабатты үйлерді басқарудың жаңа тәсіліне көшіру мәселесі бойынша талқылау өткен.
Соның нәтижесінде, 46 көпқабатты тұрғын үй мүлік иелерінің бірлестігіне көшіп, жаңа құрылым қалалық әділет департаментінде тіркелген. Сондай-ақ, бүгінгі таңда аталған ауданда 130 тұрғын үй бойынша жай серіктестік құрылды. Бұған қосымша мүлік иелерінің бірлестігін құру жөнінде көпқабатты 16 тұрғын үйдің келісім хаттамалары жинақталу үстінде.

Бұдан бөлек, 27 көпқабатты тұрғын үйді кондоминиум объектілерін басқарудың жаңа форматына көшіру аясында қажетті құжаттар (хаттамалар) тұрғындармен келісіліп жатыр. Бұл мәселеге қатысты түсіндіру жұмыстары тұрғындар арасында әлі де жалғасуда.


ПІКІР ЖАЗУ