ШЫМКЕНТ: Отанға қызмет ету дәстүрін жалғастырушы отбасылар

0

Ел тыныштығын, қоғамдық тәртіпті сақтау – абыройлы міндет. Бұл жауапты жұмысқа Отансүйгіш, патриот азаматтар лайық. Еселі еңбектерінің арқасында абыройын асқақтатып жүрген отбасылардың бірі – Пошатаевтар әулеті.

Полиция подполковнигі Пошатаев Жолбарысхан Қанатұлы Ішкі Істер органында абыройлы еңбек етіп, қазіргі таңда құрметті зейнеткерлік демалыста.
Бір әулеттің ұл-қыздары бір салада еңбек етіп, абырой биігінде көріну әке бастаған қызметке деген адалдық пен беріктіктің белгісі.
Әулетте әке жолын жалғап, әйел адамға тән емес болса да, ер азаматтармен қатар иық тіресіп қызмет атқарып келе жатқан полиция капитаны – Қанат Көгершін Жолбарысханқызы. Нәзіктікпен қатар батылдықты қатар алып жүрген аруымыз Түркістан облысы Полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі лауазымында қызмет атқарады.
Отбасындағы әке ізін қуған ұлы Пошатай Мырзаби Жолбарысханұлы Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау ауданы Полиция басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі қызметін атқаруда.
Асқар тау әкенің әрбір сөзін жүрегінен өткізген Көгершін мен Мырзаби бүгінгі таңда әкесінің атына кір келтірмеуге тырысып, өз ісіне, әрекетіне, қызметіне, халық алдындағы борышына үлкен жауапкершілікпен қарап келеді.
– Жалпы адам үшін отбасының орны ерекше. Бала кезімде әкемнің формасын қызықтап киіп, көріп өскен мен үшін мамандық таңдауда еш қателеспегенімді түсіндім, – деп Қанат Көгершін өз ойымен бөлісті.

Қызметке адал, ар-намысқа берік полиция қызметкерлерін құрметтеу біз үшін әрдайым міндет боп қала бермек. Еліміздің тыныштығы мен халқымыздың қауіпсіздігін сақтау үшін қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің абыройлары асқақтай берсін. Олай болса, полицейлер әулетінің көптің құрметіне бөлене беретініне сенімдіміз.


ПІКІР ЖАЗУ