ШЫМКЕНТ: «ШАПАҒАТ» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ҮЛГІ БОЛАР ТАЛАНТТЫ ЖАН
Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Шапағат» оңалту орталығының қызметкері Ақмарал Басымбек — туа бітті 2 топтағы көзі әлсіз көретін мүгедек. Алайда қиындыққа мойымай, өнер мен өмірге деген құштарлығының арқасында орталықта мәдени бөлім ұйымдастырушысы болып жұмыс істейді. Жұмыс барысында қызмет алушы мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени тынығу іс-шараларын ұйымдастырып, қамқорлықтағы азаматтардың бір сәт көңілдерін көтеріп ортаға бейімдеу мақсатында көмегін аямайды.
-Орталықта қызмет алатын мүмкіндігі шектеулі жандармен домбыра, гитара, ямаха тартып бірге ән айтамыз. Кітап, газет-журналдар оқып, стол ойындары: шахмат, шашки, тоғызқұмалақ, дойбы, нарда ойнаймыз. Мақсатымыз -олардың қабілеттерін ашу, өмірге деген құштарлықтарын ашу. Сонымен қатар, әрдайым би кештері өткiзiлiп, көптеген іс-шаралар, караоке сайысы ұйымдастырылып тұрады,-дейді кейіпкеріміз.
«Шапағат» оңалту орталығының талантты қызметкері 2013 жылғы «Үміт» мектеп интернатының түлегі, бірнеше республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері. Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Музыкалық білім» мамандығы бойынша оқып жоғары музыкалық білім алған. Талантымен топ жарған Ақмарал 2012 жылы республиканың ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған XV- Халықаралық «Жұлдыз-ай» фестивалінде 2-орын алып Алишер Каримовпен бір сахнада дуэтпен ән шырқады.
Бүгінде Ақмарал Басымбек «Шапағат» оңалту орталығында ем алушылардың көңіл-күйін көтеру, рухани азық сыйлау мақсатында мәдени тынығу жұмыстарын ұйымдастырып кәсіби маман ретінде қызмет алушылардың ықыласына бөленіп жүр.
Айта кетейік, қазіргі таңда мекемеде он сегіз жастан асқан І және ІІ топтағы мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Персоналдық штаттық құрылым бойынша кәсіби мамандар қызмет атқаруда. Медициналық қызмет көрсететін терапевт, невропатолог, психиатр, травматолог-ортопед дәрігерлер және жалпы тәжірибелік дәрігер мамандар бар.