Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы мерзімі өтіп кеткен семинарға тендер жариялап, оны өткізуді білім беруге лицензиясы жоқ институтқа тапсырған. Институт нарықтағы бағасы 50 мың теңге болатын қызметті адам басына 1,4 млн теңгеге өткізген. Aikyn.kz сарапшы Әйгерім Қожамен бірге күмәнді тендер мен институттің басқа да тапсырыстарын зерттеп көрді, деп хабарлайды aikyn.kz


Бұл институт мемлекеттік сатып алу порталында 2016 жылдан бері 1000-нан астам тендерге қатысып, оның 99%-іне тек тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен ие болған.
Алғашқы тапсырысында 300 мың теңгеге ҚР Ұлттық ұланының 3660 әскери бөліміндегі 1 медицина қызметкерінің кәсіби білігін арттырып, оқытқан. Оны да сатып алу порталында тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен алған. Мұнда да техникалық сипаттамасы талаптарға сай емес. Яғни ол маманды қалай, қандай форматта оқытқаны, нақты қандай бағытта білігін арттырғаны, қандай куәлік берілгені көрсетілмеген, ешқандай талап қойылмаған.
1000-нан астам сатып алудың көбінің техникалық сипаттамасын ашып қарағанымызда көбінің талапқа сай жазылмағаны анықталды. Тіпті, Қазақстанның түрлі өңіріндегі медицина мекемелерінің кей тапсырысының техникалық сипаттамасы бір-біріне ұқсайтынын байқадық.


Айта кетейік, «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңның 41-бабына сәкес тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу порталында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған нысан бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы есепті орналастыруға міндетті. Есепте өнім берушіні таңдаудың негіздемелері, мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың бағалары, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы шарттың өзге де талаптары қамтылуға тиіс.
Бірақ Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы бұл институттың қандай негізде шартты тікелей жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен таңдалғаны туралы есеп бермеген.
