​QazVac вакцинасын жасап шығарған ғалымдарға пәтер кілті табысталды

0

Қордай ауданы Гвардейск қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты қызметкерлеріне арналып салынған жалпы 180 пәтерлік 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп жазады  ernur.kz 

Пайдалануға берілген тұрғын үйлердегі пәтерлер толығымен тұрмысқа қажетті жиһаздармен жабдықталған, барлық инженерлік желілермен қамтылған. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткен пәтер кілтін тапсыру салтанатты шарасына қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қоныс той иелерін құттықтап, ғалым-мамандардың, құрылысшылардың елеулі еңбегін атап өтті. «Жақында ғана облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, шын мәнінде бұл үлкен жетістік. Еліміз үшін қажетті өндіріс. Сіздер Қазақстанды әлемге тағы бір таныттыңыздар. Біздің елімізде де биотехнологияның дамығанын, жоғары білікті ғалымдардың бар екенін дәлелдеңіздер. Шетелдерде мұндай өндірісті құруға 3-4 жыл жұмсалса, біз тоғыз айдың ішінде үлкен зауыт сала алдық. Вакцинамыз дүние жүзінде мойындалып жатыр. Мемлекет басшысы ғалымдарға, мамандарға барлық қажетті жағдай жасау, олардың ештеңеге алаңдамай жұмыс істеуіне, ғылыммен айналысуына қолайлы орта қалыптастыру, баспанамен, балаларын мектеп және балабақшамен кедергісіз қамту, уақыттарын тиімді өткізу бойынша нақты тапсырма берген болатын. Сол тапсырманың негізінде жалақыларыңыз артты, сіздерге арналып салынған 180 пәтерлі тұрғын үйлер бүгін пайдалануға берілуде. Бұл институт пен зауыт қызметкерлерін толығымен баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында өндіріліп жатқан отандық вакцинаның коронавирус індетіне қарсы күреске және халықтың денсаулығын нығайтуға зор үлес қосатынына сенемін», — деген аймақ басшысы қызметкерлер мен құрылысшыларға ризашылығын жеткізді. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария барынша қолдау көрсетіп жатқан ел, облыс басшылығына, құрылысшыларға деген ықыласын білдірді. «Облыс әкімі екі жылда отыз реттен астам жұмыс сапарымен келіп, біздегі құрылыс барысымен, мәселелерімізбен, жағдайымызбен жиі танысып отырды. Соның нәтижесінде барлық жұмыстар дер кезінде әрі сапалы орындалды. Институт қызметкерлері үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Атап айтар болсақ, тұрғын үйлер, балалар ойын алаңшалары, дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Талай жылдан бері институт қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі алғаш рет шешімін тапты. Еліміздің және облыс басшылығына үлкен алғысымызды білдіреміз!», – дей келе Күнсұлу Закария жұмыстарды сапалы әрі жоғары деңгейде жалғастыра беретіндіктерін жеткізді. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердегі пәтерлер толығымен тұрмысқа қажетті жиһаздармен жабдықталған, барлық инженерлік желілермен қамтылған. Институт және зауыт қызметкерлері мен олардың балалары үшін 120 адамға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені, ойын алаңшалары салынған.



ПІКІР ЖАЗУ