Ауылдың блогер келіні айына 1 млн теңге табыс тауып отыр

0

29 жастағы Жадыра Жұмабекқызы көпшілік арасында блогер деген атқа ие. Ол — ғаламтор ұстамайтын Қырықжылдық ауылының келіні. Бір мектеп пен екі ғана дүкені бар ауылдағы келін әлеуметтік желі парақшасына видеоларды жүктеу үшін күн сайын аудан орталығына барып келіп жүрген. Осылайша көпшілікке танылған келін бүгінде айына 700 мың мен 1 миллион теңге аралығында табыс тауып отыр, деп хабарлайды exk.kz

Түркістан облысы, Жетісай ауданының тұрғыны Жадыра Жұмабекқызы төрт баланың анасы. Мамандығы бойынша тамақ өнімдерінің технологы. 2018 жылы Instagram-дағы парақшасын ашқан ол ойда жоқта «блогер» атанып кеткенін айтады. Алғашында түрлі тағам рецептерін бөлісіп отырған. Кейін ауылдың күнделікті тіршілігін көпшілікке видео арқылы көрсетеді. Содан оқырман саны артқан. Тамақ әзірлеуге кеңес сұрайтын өзі секілді келіндер қатары көбейіпті. Жадыра Instagram арқылы осыдан үш жыл бұрын алғаш тапқан табысым 1000 теңге болды дейді. Ол кезде Жадыраның оқырман саны 10 мың болған «Екінші қызымды босанған соң үйде бос отырғанша табыс табайын деп парақша аштым. Қолымнан келетіні — тағам әзірлеу. Тәтті тоқаштар мен самсалар пісіріп, тапсырыс қабылдаймын деген ой болды. Сосын өзім әзірлеген тағамдардың рецептін бөлісіп жүрдім. Оқырман саны күн өткен сайын артып жатты. 5 мың, 7 мыңға жетті. 10 мың адамға жеткенде бір кісі хабарласып, жарнама жасап беруімді өтінді. Бағасын сұрайды. Не айтарымды білмедім. Сенесіз бе6 «блогер» деген сөзді сол кезде естідім. Мың теңге төледі. Содан біртіндеп жарнама берушілер артты. Тапқан табысымның тең жартысын оқырмандарыммен бөлісіп отырдым. Солай-солай бүгінде 400 мыңға жуық оқырманым бар», — деqді ауыл келіні.

О баста «қалаға тұрмысқа шығамын» деп ойлаған Жадыра келін боп түскен Қырықжылдық ауылында бір мектеп пен екі дүкен ғана бар. 60 шақты отбасы тұрады. Интернет ұстамайды. Ал ғаламторсыз парақшаны жүргізіп отыру мүмкін емес. Өзі түсірген видео, суреттерді парақшасына жүктеу үшін күн сайын жолдасы екеуі аудан орталығына қатынап жүреді. Ал видеоға ауылдың күнделікті тыныс-тіршілігін түсіреді. Қазан-ошақта ас әзірлеу, ауланы сыпыру, кір жуу, сиыр сауу. Осылайша оқырманды қызықтырған.

«Аудан орталығы біздің ауылдан 20 шақырым жерде орналасқан. Қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан парақшамды жүргізіп отыру үшін орталыққа қатынайтынбыз. Ауылда интернет ұстағанда осы видеоларды үйден шықпай-ақ салар едім деп армандайтынмын. Кейде ашуға да булығатынмын. Сол кезде жолдасым үнемі қолдау көрсетті. Жолдасым менің блогер атануыма қарсылық танытпаған. Бастысы, өзіңе ұнайтын іс болсын деп әлі күнге дейін қолдау көрсетіп келеді. Егер ол кісі қарсы болса, бұлай жүрмес едім», — дейді Жадыра.

Блогер келін — бір ұл, үш қыздың анасы. Ата-енесімен бірге тұрады. Күйеуінің әке-шешесі де келінінің бұл ісіне ешқашан қарсылық танытпаған.

instagram.com/zhadi_tagam
instagram.com/zhadi_tagam

«Мен бірінші кезекте келінмін. Келіндік міндетім бар. Үйдің күнделікті шаруасын бітірмей, қолыма телефон ұстамаймын. Қайын атамның көзінше видеоға түсіп отырмаймын. Себебі келінге ол жат нәрсе. Сол кісілердің қас-қабағына қарап, алдымен үлкендердің жағдайын жасау керектігін білемін. Босаған сәтте ғана телефонымды алып, сурет, видеолар түсіруді бастаймын. Ары кетсе 3-3,5 сағат уақытым кетеді. Бірақ текке емес. Тағамдар рецептісін өзгелермен бөлісіп, пайдалы іс жасаймын әрі табыс тауып отырмын. Өзім жасаған тәттілерге тапсырыс қабылдаймын«, — деді блогер келін.

Жадыраның оқырмандарының басым көпшілігі қыз-келіншектер. Арасында теріс пікір қалдырушылар да жиі кездеседі. Бірақ көбіне мән бермеймін дейді. Бірақ осыдан біраз уақыт бұрын кезекті бір ас әзірлеп, оның видеосын көпшілікпен бөліскенде «итке де бермейтін тамақ» деп жазылған пікір қатты көңіліне тиген екен.

Көшеде танып, алғысын айтып отыратын оқырмандары да бар.

instagram.com/zhadi_tagam
instagram.com/zhadi_tagam

«Көшеде кіп-кішкентай қыздар танып, сіздің жасаған тамақтарыңызды үйде анамыз әзірлейді. Өте тәтті» деп жатады. Оқырмандарыммен үнемі кері байланыс орнатып отырамын. Өзім секілді келіндер үйіндегі қызықтарын бөлісіп отырады. Өткен жолы бір келіншек қайын атасы «Жадидің парақшасын ашып көрші. Жаңа бір рецептілер салмапты ма?» деп айтты дейді. Мені тек қыз-келіншектер емес, олардың отбасылары да таниды екен. Жасап отырған дүнием өзгелерге пайдасы тиіп отырғанына қуандым», — дейді блогер келін.

Жадыраның отбасымен бірге аудан орталығы — Жетісайға қоныс аударғанына санаулы ғана ай болған.

Орталыққа көшкелі жақсы болып қалды. Күн сайын интернет ұстайтын жер іздеп, қиналмаймын (күліп). Бірақ ауылға бүйрегім бұрып тұрады. Береке бар ауылда. Тыныс тіршілік те қызық. Ауылды ешқандай қалаға айырбастамас едім,

— деді келін.

Жадыра Жұмабекқызы алдағы уақытта кондитерік студия ашуды армандайды. Өзі секілді келіндермен білгенін бөліссем дейді.



ПІКІР ЖАЗУ