Түркістан: Құркелес азаматтары көпбалалы отбасыға баспана сыйлады

0

Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылдық округінде тұратын көпбалалы отбасыға 4 бөлмелі үйдің кілті табысталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аз қамтылған отбасы 18 жылдан бері пәтер жалдап тұрып келген. Бүгінде қоғамда қайырымдылық жасап, елге қол ұшын созатын азаматтар көбейіп келеді. Бүгін Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылдық округі, Алғабас елді мекенінде көпбалалы отбасыға, яғни Нұрлан Жандарбековтың жанұясына 4 бөлмелі үйдің кілті табысталды. Аталған отбасының қуанышымен бөлісуге аудан әкімінің орынбасары Б.Полатов, аудандық мәслихат депутаты Ә.Керімбекова, Құркелес ауылдық округі әкімі Қанат Иматов арнайы барып, жомарттық жасаған азаматтарға ізгі тілектерін айтып, үй иесіне қажетті тұрмыстық техникалар табыс етті. Бүгінгі таңда тұрғын үй толығымен аяқталған. Баспана іші қазіргі заман талабына сай жабдықталып, жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұрын тар бөлмеде қысылып сабақ оқитын балаларының қазір жеке-жеке бөлмесі бар. Ас үй мен қонақ бөлмесі де ерекше безендірілген. Сонымен қатар, үй қажетті жиһаздармен толық қамтамасыз етілген. «Жалпы, жұртқа қайырымдылық жасау – мұсылмандық әрі азаматтық борыш. Мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Ауданымызда жүрегі мейірім мен шапағатқа толы азаматтарымыз көп. Бүгінгі жаңа баспананы тұрғызып, бір отбасыға үлкен қуаныш сыйлаған үш кәсіпкер Сұлтан Байрамуков, Бексұлтан Әдилбеков, Каримберди Байдаровтарға алғысым шексіз. Әрбір жанға жасаған жақсылықтары еселеп қайтуын тілеймін. Ауылдық округтегі баспанасы жүрген отбасыларға осындай бақыттың бұйыруын тілеймін», — дейді Құркелес ауылдық округінің әкімі Қанат Иматов. 4 баланы тәрбиелеп отырған аз қамтылған отбасы 18 жылдан бері пәтер жалдап тұрып келген. Отбасы ай сайын берілетін 46700 тг көлеміндегі әлеуметтік көмек арқылы күн көріп келуде. Отағасы Нұрлан – бүгінгі таңда жұмыссыз, себебі денсаулығы нашар, жалпы жұмысқа жарамсыз. Жұбайы – Эльмира үй шаруасында, 1 жасқа толмаған баласының күтіміне байланысты жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Жақсылыққа ұмтылған жандар арқылы баспаналы болған отбасы демеушілерге өз алғыстарын жеткізді. Сондай-ақ, жаңадан қоныстанған отбасында көпшілікке дастархан жайылып, Сарыағаш ауданының орталық мешітінің бас имамы Т.Төлебеков аруақтарға құран бағыштап, демеушілер мен үй иесіне өз батасын берді.



ПІКІР ЖАЗУ