Қазақстан журналистер одағының мүшесі референдум жайлы өз ойын білдірді

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы қолдауға тұрарлық. Өйткені, бүгінгі қоғам әділеттілікті талап етеді.

Иә, елдің негізгі мақсаты да ашық, жемқорлықсыз әділетті қоғам орнату. Әрбір адамның пікірі ескерілгенде ғана бұл мақсаттарға қол жеткізуге болады. Қазіргі жастар да, жұмыс жасындағы азаматтар да әділдіктің ертерек салтанат құрғанын қалайды. Ол үшін қандай да бір бастаманы, сол бастаманы ертерек жүзеге асырғысы келетін көшбасшыны қолдауға дайын. Оны адамдардың ой-пікірінен де, ұсыныс-тілектерінен де аңғаруға болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда түбегейлі өзгеріс жасайтынын, жаңа Қазақстанды қалыптастыратын саяси реформалар керек екенін бұған дейін де айтқан болатын. Міне, бүгін сол айтылған жоспарлар мен тың идеялар жүзеге аса бастады. Оған айқын дәлел ретінде әрбір әрекетке, әрбір қадамға көп болып ақылдасып, ел болып мақұлдасып баратынын білдіргеннен-ақ аңғарылып тұр.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев референдум өткізу — мемлекетті демократияландыру саясатында маңызды қадам екенін атап өтті. Осыған дейін елімізде төрт рет референдум өткен екен. Және оның соңғысы қазіргі Конституцияны бекіту туралы болған.

«Конституцияның жаңарған нұсқасында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту көзделген. Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады» деп атап өтті Мемлекет басшысы
Сонымен қатар Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалмақ. Президент еліміздегі өлім жазасы туралы да мәселенің нүктесін қойды. Енді біздің елімізде өзге өркениетті елдер секілді өлім жазасы болмайды. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатқанын атап өткен мемлекет басшысы, алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсететіне ерекше тоқталды.

Мемлекет басшысының референдум өткізу туралы шешімін Қазақстан халқы ерекше ілтипатпен қабылдады деп есептеймін. Ел дамуының жаңа кезеңі басталды. Ендеше, ел болып біз де бұл бастамалардан шет қалмайық. Әділетті қоғам орнатуға үлкен-кіші демей бәріміз де біркісідей атсалысайық!

Жақашев Қанат Үсенұлы
Ақпараттық талдау орталығы директорының орынбасары,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі.



ПІКІР ЖАЗУ