Референдум — халық билігінің айқын үлгісі!
Кез келген қоғамдағы өзгерістердің конституциялық негізі болмаса, ол өзгерістердің тиімді жүзеге асуы мүмкін емес. Сондықтан ел Президенті Конституцияға енгізілетін түзетулерді халықтың дауыс беруіне шығару туралы шешім қабылдады.
Парламенттің қос палатасы тепе-теңдік жүйесі бойынша жұмыс істейтін болады. Шұғыл жағдайда шұғыл заң қабылданады. Яғни, Парламент өз Палаталарының бірлескен отырысында халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкімет енгізген заң жобасын дереу қарауға міндетті болады. Бұл ретте, Парламенттің қарауы кезеңінде Үкімет өзінің жауапкершілігімен заңды күші бар актіні қабылдай алады.
Кешегі қаңтар оқиғалары ел басына күн туған алмағайып кезеңде мемлекеттік аппараттың жағдайға шұғыл бейімделіп, жылдам әрекет етуі керектігін көрсетті. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында айтты.
Референдумға шығарылатын конституциялық реформа халықтың азаматтық, саяси, құқықтық сана-сезімінің көтерілуіне ықпал етеді.
Сонымен қатар, облыстық мәслихаттардың депутаттарының 50 пайызын халық өзі тікелей сайлайтын болады. Алда аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттарының барлығын да халықтың өзі сайлайтын болады, бұл ретте өз сенімін ақтамаған депутатты халық кері қайтарып ала алады.
Мәслихаттарға жергілікті жерлерде шешімдер қабылдау кезінде көбірек дербестік беріледі, олардың рөлі күшейе түседі. Осыған байланысты Президенттің облыс, республикалық маңызы бар қалалар әкімдері шығарған актілердің қолданылуын тоқтата тұру немесе олардың күшін жою құқығы, сондай-ақ аудан және ауыл әкімдерінің лауазымдарынан босату құқығы жойылады.
Билік тармақтарының жұмыс тиімділігінің артқанын қалайтын болсақ, референдумға қатысып, дауыс берейік!
Байымбетов Қамбархан Батырханұлы