Сарыағаш ауданында жол жөндеу жұмыстарына қоғамдық бақылау жүргізілді

0

 Сарыағаш ауданы әкімінің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте дербес бөлім басшылары мен қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарына тұрғындармен бірге қоғамдық бақылау жүргізу тапсырылды. Осыған орай, бүгін Құркелес ауылдық округі, Жаңаталап елді мекеніндегі көшелерге асфальт және шағал төсеу жұмыстарына аудан әкімінің орынбасары Бахытжан Полатов арнайы барып, ауыл тұрғындарының қатысуымен қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізді. Қоғамдық бақылауға ауданның жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Құркелес ауылдық округ әкімі, мердігер және техникалық қадағалаушы мекемелердің басшылары қатысты. Қоғамдық бақылаудың мақсаты ауыл тұрғындарымен бірге жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын қадағалау және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып жұмыс жүргізу.
Қоғамдық бақылау барысында аталған елді мекендегі Наркөшкен, Серуен және С.Сейфуллин көшелеріндегі асфальт және шағал төсеу жұмыстарында кемшіліктер анықталып, техникалық қадағалаушы және мердігер мекемелерге қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Көрсетілген кемшіліктер ағымдағы жылдың 11 шілдесіне дейін қайта қалпына келтірілмеген жағдайда, мердігер мекемеге келісімшарт негізінде айыппұл және сотқа талап арызбен жүгіну шаралары қолданылатындығы ескертілді.
«Аталған жол жөндеу жұмыстарының қаржысы мердігерге төленбеген және нысан пайдалануға қабылданбаған. Кемшіліктер қалпына келтіріліп, құрылыс жұмыстары сапалы біткеннен соң ғана мердігер мекемеге қаржы төленіп, нысан қабылданатын болады. Мұндай қоғамдық бақылаулар аудан аумағындағы барлық жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарында жүргізілетін болады» — деді аудан әкімінің орынбасары Бахытжан Полатов.
Ағымдағы жылы Жаңаталап елді мекеніндегі 2 көшеге асфальт төсеу жұмыстары және 12 көшеге шағал төсеу жұмыстары жүргізілуде.

 Дереккөз: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі



ПІКІР ЖАЗУ