Қаңтар оқиғасы бойынша 23 күдіктіге үкім шығып, қамаудан босатылды. 45 іс қаралып жатыр

0

Жамбыл облысында Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 68 адамға қатысты іс сотқа жолданған: 23 күдіктіге сот үкімі шығып, қамаудан босатылған. 45 күдіктінің ісі қаралып жатыр, 11-і кәмелетке толмағандар. Жамбыл облысы әкімдігінің Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында осылай деп жазылған.

Жалпы облыста Қаңтар қырғынына қатысты 164 қылмыстық іс қозғалған. 11-і – «Терроризм» бабы бойынша тергеліп жатыр. Тергеуге тартылған 165 адамның 130-ы қамауға алынған. Облыс әкімдігінің мәліметінше, Қаңтар оқиғасы кезінде 15 адам қаза болған. «Оның барлығы оқ-атудан қаза болды. Оның біреуі Ұлттық қауіпсіздік комитеті, біреуі полиция қызметкері және біреуі Ресей азаматы» деп жазылған хабарламада.

Дегенмен ашық дереккөздерге сүйеніп құрастырылған Азаттықтың Қаңтар құрбандары тізімінде Жамбыл облысында қаза болғандар одан да көп. Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, оқиға кезінде 288 адам зардап шеккен. Басым бөлігі – 17-25 жастағы жастар. 51-і түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылған. Зардап шеккендердің 62-і әскери қызметкер, 175-і полиция қызметкері. «Жаппай тәртіпсіздікке» барлығы 2,5 мыңнан астам адам қатысқан.

  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды. Билік қоғам талабына қарамастан опат болғандардың есімін және олардың қандай жағдайда қаза болғаны жайлы ақпаратты жарияламады.
  • Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға «терроризм», «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «заңсыз қару-жарақ сақтау» секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
  • Өзге өңірлердегі сияқты Жамбыл облысында да Қаңтар оқиғасына қатысты ұсталғандардың туыстары тергеу амалдарының әділетсіздігін айтып, шағымданып келеді. Осы аптада Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталғандардың сотына Азаттық тілшісі кіргізілмеді.


ПІКІР ЖАЗУ