Қаңтар оқиғасына байланысты 92 адам түрмеге кесілді
Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кейін қозғалған қылмыстық істер бойынша 92 адам түрмеге кесілген. Бұл туралы 1 тамызда бас прокуратураның арнайы қызметтер басшысының орынбасары Нұрлыбек Сәбитов мәлімдеді. Сәбитовтің сөзінше, Қаңтар оқиғасы бойынша сотқа 474 қылмыстық іс жіберіліп, 717 адам жауапқа тартылған. Ал ІІМ тергеу департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Қожаев 255 күдікті қамаудан босатылып, жазасы жеңілдегенін айтты.
Прокуратура мәліметінше, мыңнан аса адам «жаппай тәртіпсіздік жасау» және «терроризм актісі» айыбымен күдікке ілінген. Бүгін, 1 тамызда өткен брифингте орган өкілдері 2089 қару іздестіріліп, тағы 1936 қарудың Қаңтар оқиғасында қолданылған-қолданылмағаны анықталып жатқанын айтты. Қожаевтың сөзінше, Қаңтар оқиғасынан соң полиция 4,6 мың қылмыстық іс қозғаған.
«2,5 мыңнан аса іс – ұрлық жасау, 708 іс – қару ұрлау, 418 іс – бұзақылық, 199 іс – мүлікті жою, 26 іс — тонау бабымен қозғалды. Тергеу органдары 15 мыңдай адамнан жауап алды» деді ол. Қаңтардағы жаппай наразылық соңы үлкен қантөгіске ұласып, кемі 238 адам өлді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде «ескертусіз оқ ату» жөнінде күш құрылымдар мен құқық қорғау органдарына бұйрық берді. Қаза тапқандар арасында балалар да, көшеде өз бетімен кетіп бара жатқандар да болды.
Билік Қаңтар оқиғасы кезінде өлгендердің толық тізімін әлі күнге жариялаған жоқ. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін оқиғаны тәуелсіз тергеу үшін халықаралық тергеушілерді шақыруды ұсынған. Нұр-Сұлтан ұсыныстан бас тартқан.