ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПКЕРЛЕР САНЫ 160 МЫҢҒА ЖУЫҚТАДЫ

0
Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс кәсіпкерлерімен кездесті. Кездесуде бизнес өкілдерінің ұсыныстары мен пікірлері, өтініштері тыңдалды. Жиынға «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының 1-ші орынбасары Мақсат Қиқымов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов және өңірлік кеңес мүшелері, аудандық кәсіпкерлер кеңесі мүшелері, Түркістан облысы мәслихатының депутаттары, мемлекеттік органдармен қаржы институт басшылары және кәсіпкерлер қатысты. Өңір басшысы Түркістан облысында шағын кәсіпкерліктің әлеуеті жоғары екеніне тоқталды.
– Түркістан облысында халық саны көбейіп келеді. Ол – қуанышты жағдай. Енді сол елге қажетті жұмыс орындарын, өндіріс орындарын көбейту – уақыт талабы. Түркістан өңірінің тұрғындары қашан да кәсіпкерлікке бейім болған. Кәсіпкерлік субъектілері саны жөнінен облысымыз Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан кейін үшінші орында тұр. Кәсіпкерлер саны жылдың өзінде 10 мыңға өсіп, 155 мыңға жетті. Сондықтан біз кәсіпкерлікке үлкен маңыз беріп, «Қарапайым заттар экономикасы» мен «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіп отырмыз. Түркістандағы құрылыстарды да жергілікі кәсіпкерлер атқарып жатыр. Кәсіпкер болу – өте қиын. Ол үшін экономика, заң, бухгалтериядан білім болуы керек. Ұйымдастырушылық шеберлігі жоғары және тәуекелге бара алатын азаматтар ғана мықты кәсіпкер бола алады. Біз өңірде «Кәсіпкерлік қырандары» атты жобаны іске қостық. Танымал, ірі кәсіпкерлер жас әрі ізденіс үстінде жүрген кәсіпкерлерге өз білгендерін үйретеді. Жобаларын қаржыландырып, қолдау көрсетеді. Бұл жоба жалғасын табады. Аудан әкімдеріне де ауыл-аймақтан іскер, кәсіпкерлікке бейім жастарды табу, қолдау көрсеу туралы тапсырма берілді. Кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші. Бизнес өз кезегінде әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі қажет. Ең керегі өңір тұрғындарын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков кәсіпкерлер палатасы атқарып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.
– Түркістан қаласында екінші деңгейлі банктердің толыққанды филиалдарының жоқ еді. Бұл мәселе Ұлттық банк тарапынан қолдау тауып, «Халықбанк», «Фортебанк», «Жусанбанк», «БанкЦентрКредит», «Сбербанк» филиалдары ашылды. «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін қаражат мәселесі, жылыжайларда тұқымдар мен тыңайтқыштарды субсидиялауға қолдау көрсетілді. Статистикаға жүгінетін болсақ, облысымызда қазіргі таңда 160 мыңға жуық кәсіпкердің 52 пайызы ауыл шаруашылығы саласында қызметтерін атқаруда. Биыл Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге 9 мыңнан астам ақпараттық қамтамасыз ету қызметін және 1 мыңнан астам сервистік қолдау қызметтерін көрсетті. «Атамекен-Түркістан» МҚҰ қазіргі таңда 226 жобаны 1,8 млрд. теңгеге қаржыландырды, – деді ол.
Кездесудің күн тәртібінде колледждерді сенімгерлік басқаруға беру, Түркістан индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорындардың проблемалық мәселелері, Түркістан қаласында қолөнершілер орталығын ашу және өзге де мәселелер талқыланды. Жеңілдетілген несие, субсидия түйткілдері де тарқатылды. Кәсіпкерлер еркін форматта көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ол ұсыныстар хаттамаға енгізілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз взмет
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ