ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ПОЙЫЗДА ТЕГІН ТЕКСЕРУДЕН ӨТЕ АЛАДЫ

0
2 қыркүйектен бастап «Медициналық пойыздар» жобасы Түркістан облысында. Пойыздың білікті қызметкерлері алдымен Шойтөбе станциясының тұрғындарын қабылдайды. Заманауи медициналық техникамен жабдықталған «Жәрдем» консультативтік-диагностикалық пойызы Түркістан облысында бір ай бойы болып, 16 шалғай елдімекендегі мына станцияларға барады: 2-3 қыркүйек – Шойтөбе, 4-5 қыркүйек – Темір, 6-7 қыркүйек – Талдықұдық, 8-9 қыркүйек – Шағыр, 10-11 қыркүйек – Монтайтас, 12-13 қыркүйек – Шанақ, 14-15 қыркүйек – Шеңгелді, 16-17 қыркүйек – Жылға, 18-19 қыркүйек – Дарбаза, 20-21 қыркүйек – Қалаш, 22-23 қыркүйек – Бадам, 24-25 қыркүйек – Игілік, 26-27 қыркүйек – Қызылсай, 28-29 қыркүйек – Ынтымақ, 30 қыркүйек-1 қазан – Сас-Төбе, 2-3 қазан – Көктерек. Бұл уақыт аралығында медициналық пойыз дәрігерлері өңірдің 10 мың тұрғынын қабылдайды деп күтілуде.
1 қыркүйекте «Жәрдем» пойызы Қызылорда облысындағы жұмысын аяқтады. Мұнда 7492 мың тұрғын алғашқы медициналық көмек пен консультация алды, олардың шамамен 37 пайызы – балалар.
«Ауылдардағы медициналық мекемелерде УДЗ жабдықтары мен тиісті мамандар жоқ. Сондықтан көбі тексеруден бізден өтуді қалайды. Консультация алуға келген кейбір пациенттерден өттегі тастар, асқазан-ішек жолдарының аурулары, гинекологиялық аурулар сияқты ауыр ауру түрлерін анықтадық. Онкологиялық асқынуы бар адамдар келген жағдайлар да болды», деді УДЗ маманы Алтын Шайхина.
Дәрігерлер емдеуді қажет ететін барлық пациентті одан әрі бақылау үшін облыстық клиникаларға жібереді. Пойыздың медициналық персонал құрамында 18 қызметкер бар. Олардың ішінде терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, көз, мұрын, құлақ дәрігері, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог, психолог және дерматовенеролог бар. Пойыз ультрадыбыстық кабинетпен, зертханамен, стоматологиялық және басқа да жабдықтармен қамтылған.
Қызылорда өңірі бойынша барлығы 25 894 өтініш тіркелді. Көбіне тұрғындар невропатолог маманына жүгінген – 4068 тұрғын. Қабылдау жиілігі бойынша екінші орында – хирург, үшінші орында – құлақ және мұрын дәрігері. Тіс дәрігері – 2616 тұрғын, құлақ және мұрын дәрігері – 3259 тұрғын, хирург – 3263 тұрғын, көз дәрігері – 2921 тұрғын, психолог – 544, дерматовенеролог – 632 тұрғынды қабылдады.
Майтоғай станциясының 70 жастағы тұрғыны Амангүл Молжігітова медициналық пойыздың бірнеше маманынан тексеруден өтті.
«Мен бүгін көз, жүрек, бүйрек және бауырымды тексерттім. Дәрігерлер бәрі жақсы екенін айтты. Тек көз тамшыларын жазып берді. Медициналық пойыздың қызметкерлеріне қамқорлық танытып, кәсібилігі мен шыдамдылығы үшін алғыс айтқым келеді. Бұл жобаны ұйымдастырғандарға шалғай ауылдарда тұратындардың денсаулығына немқұрайлы қарамағандары үшін жеке рақмет», деп алғысын білдірді Амангүл Молжігітова.
«Медициналық пойыздар» жобасы алғаш рет 2010 жылы іске қосылды және 2019 жылға дейін жыл сайын жүзеге асырылды. Коронавирус пандемиясы кезінде үзіліс жасады. Осы кезең аралығында «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» консультативті-диагностикалық үш пойыз Қазақстанның 1700-ден астам шалғай өңіріне барып, 488880 тұрғынды қарады.
Медициналық пойыздардың қозғалыс кестесі туралы нақты ақпаратты жобаның www.medpoezd.kz ресми сайтынан немесе 8 7172 60 45 94, 8 701 206 15 40 нөмірлері арқылы, сондай-ақ @medpoezd.kz Instagram парақшасынан біле аласыздар.
Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылық қолдауының арқасында мүмкін болды және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асырылуда.

ПІКІР ЖАЗУ