35 мың теңгеге дейін: Республика күні кім төлем алады?

0

Қазақстанның бірнеше өңірінде Республика күніне байланысты әлеуметтік осал азаматтарға біржолғы төлем қарастырылған. Төлем мөлшері мен алушылар санаты жергілікті мәслихаттар мен әлеуметтік қорғау органдарының шешімімен белгіленеді. BAQ.KZ тілшісі өңірлер бойынша шолу дайындады.

Астана

Елордада Республика күніне орай атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушы отбасыларға 17 694 теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі. Тізімді Еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жасақтайды.

Шымкент

Шымкентте Республика күніне арналған бөлек материалдық көмек қарастырылмаған. Бұған дейін, 30 тамыз – Конституция күніне орай, 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар біржолғы төлем алған болатын.

Қызылорда облысы

Қызылорда облысында 2024 жылдан бастап барлық санаттағы (I, II, III топ) мүмкіндігі шектеулі жандар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға Республика күніне жыл сайынғы төлем енгізілген. Төлем мөлшері – 11 796 теңге.

Атырау облысы

Атырау облысында 2023 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі адамдарға жергілікті бюджет есебінен жыл сайын материалдық көмек көрсетіледі.

Биыл Республика күніне орай 27 300 мүгедек азамат, соның ішінде 4 800 бала төлем алады. Төлем мөлшері – 29 490 теңге.

Маңғыстау облысы

Республика күніне орай өңірде облыс аумағында тұратын мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Төлем мөлшері – 19 660 теңге. 2025 жылдың 1 қазанына дейін облыста 34 510 мүгедек азамат тіркелген.

Абай облысы

Абай облысында 25 қазанға арналған төлемдер көзделмеген. Олар 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай жоспарланып отыр.

Павлодар облысы

Павлодар облысында жергілікті өкілдік органдардың шешімімен I және II топтағы мүгедектерге, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылған. Төлем мөлшері – 19 660 теңге.

Алматы, Қостанай, Ақмола, Ұлытау, Жетісу және Түркістан облыстарында Республика күніне арналған біржолғы төлемдер қарастырылмаған.

Еске салайық, биыл бес күндік жұмыс аптасы бойынша еңбек ететін қазақстандықтар үш күн – 25, 26 және 27 қазан күндері демалады.

Республика күні алғаш рет 1995 жылы белгіленген, алайда 2009 жылдан бастап аталып өтпей келген.

2022 жылдың қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюымен 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні мәртебесін қайта иеленді.