Алдағы күндері −33 градусқа дейін аяз және оңтүстікте жауын-шашын болжануда

«Қазгидромет» РМК Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында күшті жауын-шашын мен елдің қалған бөлігінде аяз болатынын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан аумағының басым бөлігінде солтүстік-батыс антициклон сілемінің әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Тек республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын, кей жерлерде қатты жауын-шашын болжанады, — делінген хабарламада.

Республика бойынша жел күшейіп, тұман түседі. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығысында көктайғақ, жаяу бұрқасын болжанады.

Температуралық фонда біртіндеп жылыну күтіледі: Батыста түнде 15–25° аяздан 2–12° аязға дейін, күндіз 5–15° аязға дейін температура өзгереді. Солтүстікте, солтүстік-батыста түнде 20–31° аяздан 15–25° аязға дейін, күндіз 15–22° аяздан 5–13° аязға дейін түседі. Орталықта түнде 20–31° аяздан 12–23° аязға дейін, күндіз 10–20° аяздан 1–12° аязға дейін жылынса, республиканың шығысында түнде ауа температурасы 13–23° аяздан 25–33° аязға дейін төмендейді, — дейді синоптиктер.

Еске салайық, бұған дейін синоптиктер ақпан айында күн қандай болатыны туралы болжамды жаңартқан еді.