Алдын ала төлем жасағандар ақшасын қалай қайтарып ала алады? Депутат түсіндірді

Елімізде қызмет көрсететін ұйымдар мен мейрамханалар алдын ала төлем (предоплата) талап етеді. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов алдын ала төлем алып, кейін оны клиентке қайтармау заңсыз екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алдын ала төлем алу заңды ма?

Мұрат Әбеновтің сөзінше, Азаматтық кодекс бойынша қызмет көрсетпей, ақшаны қайтармай қою – заңсыз пайда табу болып есептеледі. Мұндай жағдайда тұтынушы мейрамханаға немесе қызмет көрсетушіге арыз түсіру немесе тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдары мен комитеттерге шағымдану арқылы ақшасын қайтарып алуға құқылы.

Жаңа заң тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейтеді

Депутат жаңа дайындалып жатқан тұтынушылардың құқығын қорғау заңына назар аударды. Жаңа заң бойынша ауызша келісімшарт арқылы алдын ала төлем алу шектеледі, қызмет көрсетілмей ақшаны ұстап қалуға болмайды, барлық салада – мейрамхана, авиация, тренингтер және басқа қызмет көрсетушілерде тұтынушының құқығы толық қорғалады.

Жаңа заң қабылданғанда, қызмет көрсетпей алдын ала төлем алу мәселелері қатаң бақылауға алынады, – деді Әбенов.