Әлемдегі миллиардерлер рейтингі. Қазақстаннан қанша адам бар?

2026 жылы әлем миллиардерлерінің жиынтық байлығы 19 трлн долларға жуықтады. Капиталдың 76 пайызы небәрі 10 елде шоғырланған. Ал рейтинг көшбасшысы 1 трлн долларлық межеге тақап қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Ranking.kz-ке сілтеме жасап. 

Forbes деректеріне сәйкес, әлемдегі ең бай адамдардың капиталы рекордтық деңгейге жетті. Рейтингтің бірінші сатысында – Илон Маск. Оның байлығы 849,3 млрд долларға тең.  Бұл – тізімдегі ең жақын бәсекелесінен үш еседен аса көп көрсеткіш. Tesla мен SpaceX негізін қалаушысы ең бай адам ретіндегі орнын айқын бекемдей түсті.

Екінші және үшінші орындарда Google-дың тең құрылтайшылары Ларри Пейдж (251 млрд доллар) пен Сергей Брин (231,7 млрд доллар) тұр. Ал алғашқы бестікті Марк Цукерберг (219,4 млрд доллар) және Джефф Безос (214,1 млрд доллар) түйіндейді.

АҚШ-тың үстемдігі

Әлемдегі үздік 20 миллиардердің 15-і – АҚШ өкілдері. Жалпы алғанда, АҚШ-та 931 миллиардер бар. Олардың жиынтық байлығы 8,2 трлн долларға жеткен. Бұл – әлемдік миллиардерлердің шамамен 30 пайызы және олардың жалпы капиталының 43 пайыздан астамы.

Екінші орында Қытай – 517 миллиардер және 2,1 трлн доллар. Үндістан (212 адам, 979 млрд доллар) мен Германия (174 адам, 885,1 млрд доллар) кейінгі орындарды иеленген. Ресей 139 миллиардермен және 594,3 млрд доллар жиынтық байлықпен алғашқы бестікті жабады.

ТМД кеңістігінде Ресейден бөлек Украина (7 адам, 17,6 млрд доллар), Қазақстан (6 адам, 34,5 млрд доллар) және Армения (1 адам, 1,2 млрд доллар) рейтингке енген. Қазақстанда миллиардерлер саны аз болғанымен, олардың капиталы украиналық миллиардерлердің байлығынан шамамен екі есе көп.

Жас және кәрі миллиардерлер

Әлемде 30 жасқа толмаған 29 миллиардер бар. 2026 жылғы 15 ақпандағы мәлімет бойынша ең жас миллиардер – Германия өкілі Йоханнес фон Баумбах. Ол 20 жаста, байлығы 6,6 млрд доллар. Оның ағасы Франц фон Баумбах те дәл осындай капиталға ие. Екеуі де миллиардерлер тізімінде 598-орында тұрған Хуберт фон Баумбах мұрагерлері.

Ең жас үш миллиардердің қатарында Италиядан Клементе дель Веккьо (7,1 млрд доллар) және Бразилиядан Ливия Фойгт де Ассис (1,4 млрд доллар) бар. 30 жасқа дейінгі миллиардерлердің 8-і АҚШ-та, 6-ы Германияда.

Ал жасы 90-нан асқан 109 миллиардердің 45-і – АҚШ азаматтары. 104 жастағы Джордж Джозеф – планетадағы ең қарт миллиардер. Оның байлығы 2,6 млрд доллар.

Жүз жастан асқан миллиардерлер қатарында Роберт Куок (102 жас, 14,1 млрд доллар), Бернард Льюис (100 жас, 1,5 млрд доллар) және Стивен Ярисловски (100 жас, 1,8 млрд доллар) бар.

Рейтингте 37-орында тұрған гонконгтық Ли Ка-шинг 46,3 млрд доллар байлыққа ие. Ал 148,2 млрд доллар капиталымен Уоррен Баффет ұзақ жасаған миллиардерлер арасындағы ең байы саналады және жалпы тізімде 12-орында тұр.

Рейтингтің өзегін технологиялық сектор құрайды. Google, Meta, Amazon, Oracle, Microsoft, Dell және Nvidia компанияларының негізін қалаушылар мен басшылары тізімнің негізгі бөлігін иеленіп отыр.

Сарапшылардың бағалауынша, капиталдың мұндай шоғырлануы әлемдік экономиканың құрылымдық өзгерісін көрсетеді: технология, цифрлық платформалар мен инновациялық бизнес алдыңғы қатарға шықты.