Әлемдік БАҚ Қазақстандағы Конституциялық реформа туралы не жазып жатыр

Конституциялық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша ұсынылған Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында кең резонанс тудырды. Алыс шетел, Ресей және ТМД елдерінің басылымдары болып жатқан өзгерістерді әртүрлі қырынан талдап, құндылықтар, азаматтардың қатысуы, аумақтық тұтастық және болашақ мемлекеттік басқару моделі мәселелеріне назар аударады. Толығырақ – BAQ.KZ тілшісінің шолуында.
АҚШ: техникалық реформа емес, моральдық негіз
Америкалық басылымдардың бірінде (Timesca) Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайдағы сөзі қоғамдық жауапкершілік пен адамгершілік бағдарларға үндеу ретінде беріледі. Автор саяси-экономикалық блоктан гөрі құндылықтық мазмұн басым көрінетінін атап өтеді.
Бұл логикада реформалар институттарды қайта құрумен ғана емес, «қоғамдық сананы жаңғырту» қажеттілігімен түсіндіріледі.
Америкалық көзқарастың түйіні мынадай: елдің тұрақтылығы тек заңдар жүйесіне емес, азаматтық мәдениеттің сапасына да байланысты.
Норвегия: реформаның ауқымы және адам құқықтары – жаңа мәтіннің өзегі
Норвегиялық материалда (Geopolitika) реформа конституциялық тілдің, институттар мен кепілдіктердің жүйелі жаңаруы ретінде сипатталады. Өзгерістердің ауқымына және жеке адамның құқықтарын қорғаудың күшеюіне ерекше мән беріледі.
Жоба мемлекеттің сипатын айқындайды. Қазақстан адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық болып саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде анықталады, – деп жазады шетелдік әріптестер.
Норвегиялық талдауда тұлғалардан гөрі «мемлекеттің құқықтық қаңқасы», сот жүйесі, жаңа институттар мен цифрлық кепілдіктерге басымдық берілген.
Литва мен ОАР: «жүйенің болжамдылығы» және процедура арқылы легитимдік
Литвалық басылым (Mruni.eu) реформаны билік архитектурасын қайта құру ретінде қарастырады. Онда вице-президент институтының қажеттілігі, бірпалаталы модельдің заңнамалық үдерісті жеделдетуі мен ашықтықты арттыруы сияқты мәселелер саяси ғылым тұрғысынан салыстырыла талданады.
Ал Оңтүстік Африка Республикасы (The Diplomatic Society) басты назарды үдерістің өзіне аударады. Қоғамдық талқылаулар, ашықтық және референдум халық егемендігін нақтылайтын құрал ретінде сипатталады.
Қазақстан бұл басылымда ішкі тұрақтылықты азаматтардың қатысуымен және ережелердің болжамдылығымен байланыстыруға ұмтылатын мемлекет ретінде көрсетіледі.
Вьетнам: гуманитарлық бағыт, мәдениет және «жұмсақ күш»
Vietnam Times басылымы Құрылтайды қоғамдық диалог алаңы ретінде атап, реформаларды мәдениет, креативті индустрия, тарихи мұра және цифрландыру арқылы ұзақмерзімді стратегиямен байланыстырады.
Реформалардың тиімділігі тек экономикалық көрсеткіштермен емес, қоғамдық санадағы өзгерістермен, әлеуметтік жауапкершілік пен адамгершілік бағдарлардың деңгейімен өлшенеді, – деп жазады басылым.
Мұнда Қазақстан модернизацияны мәдени сәйкестікпен ұштастыра жүргізіп жатқан мемлекет ретінде сипатталады.
Ресей және ТМД-ның бір бөлігі: шекара және егемендік мәселесі
Ресейлік ақпарат кеңістігінде (ТАСС, Lenta және т.б.) басты назар Ерлан Қариннің жаңа Конституция жобасында ел шекараларын өзгерту қарастырылмайтыны, бұл мәселе референдумға да шығарылмайтыны туралы мәлімдемесіне аударылған.
Жаңа преамбулада мемлекет шекаралары мен аумақтық тұтастығының мызғымайтыны бекітілген. Конституцияның екінші бабының алтыншы тармағында Қазақстанның аумақтық тұтастығы өзгертілмейтіні нақты көрсетілген. Бұл мәселенің болашақта, тіпті референдумда да талқыланбайтынын білдіреді, – деп жазады ТАСС.
Сонымен қатар, ресейлік материалдарда реформаны билік транзиті, вице-президент, Халық кеңесі, Конституциялық сот сияқты институттар арқылы болашақ саяси конфигурация тұрғысынан талдауға ұмтылыс байқалады.
Әзербайжан: мемлекеттік тіл және биліктің базалық моделі
Әзербайжандық басылымдар (media.az, Азертадж) жобаның халықаралық аудиторияға түсінікті құқықтық тұстарын алға тартады. Атап айтқанда, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде нақты және бірмәнді бекітілуі, сондай-ақ бірпалаталы парламент, вице-президент, Халық кеңесі сияқты институттар көрсетіледі.
Жаңа Конституция жобасында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде нақты және айқын бекітілген, – деп жазады әзербайжандық әріптестер.
Бұл елдер үшін маңыздысы – саяси пікірталастан гөрі, мемлекеттілік пен басқару принциптерінің айқын белгіленуі.
Шетелдік реакцияның ортақ түйіні
Шетелдік бағалауларды бір арнаға тоғыстырсақ, бір оқиғаның әртүрлі мағыналық қырынан қабылданатынын көруге болады.
Алыс шетелдік БАҚ Қазақстанды құндылықтарға, мәдениетке, азаматтардың қатысуына және адам құқықтарын кеңейтуге негізделген қоғамдық келісімді нығайтып жатқан мемлекет ретінде сипаттайды.
Ресейлік және посткеңестік кеңістіктегі басылымдар реформаны көбіне саяси сюжет ретінде қабылдап, аумақтық тұтастық, егемендік, тіл саясаты және билік моделінің тұрақтылығы мәселелеріне назар аударады.
Ал әзербайжандық басылымдар конституциялық «тіректерге» – мемлекеттік тіл мәртебесі мен басқару жүйесінің негізгі параметрлеріне мән береді.
Жалпы алғанда, сыртқы баспасөз Қазақстанда ірі саяси-құқықтық қайта құру жүріп жатқанын жоққа шығармайды. Айырмашылық тек біреулер оны құндылықтық әрі қоғамдық жоба ретінде бағаласа, енді біреулер оны қауіпсіздік, шекара және болашақ билік конфигурациясы тұрғысынан оқуға тырысады.








