Алматы әуежайына 2,2 млн теңгеге айыппұл салынды

Алматы халықаралық әуежайы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін айыппұл арқалады. Сот әуежайға 2,16 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Алайда әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық туындамас үшін терминалдардың жұмысын тоқтатпау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот талқылауына 2025 жылдың қарашасында Түрксіб ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы берген нұсқаманың орындалмауы себеп болған. Әуежай әкімшілігі барлық кемшілікті 2026 жылдың 9 қаңтарына дейін түзетуі тиіс еді. Бірақ белгіленген мерзім өткеннен кейін он күн өткен соң жүргізілген тексеріс барысында заңбұзушылықтардың жойылмағаны анықталған.

Өрт сөндіру қызметі екі негізгі өрескел бұзушылықты атап өткен. Біріншіден, Air Astana centre 3 ғимаратының маңындағы контейнерлер құрылыс нысандарынан 18 метрден жақын орналастырылған.

Екіншіден, жаңа халықаралық Т-2 терминалында жүк бөлімі мен тұрмыстық бөлмелерді қайта жоспарлау салдарынан өрт дабылы мен автоматты өрт сөндіру жүйелері қажетті аумақты толық қамтымай қалған.

Сот отырысында әуежай өкілі кінәсін мойындап, кемшіліктерді жою жұмыстары басталғанын хабарлады. Дегенмен сот әкімшілік нұсқаманы орындау мерзімін ресми түрде ұзартуға әрекет жасалмағанын атап өтті. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 462-бабы бойынша 500 айлық есептік көрсеткіш (2,16 млн теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Бұзушылықтардың күрделігіне қарамастан, әуежайдың немесе оның жекелеген аймақтарының қызметі тоқтатылған жоқ. Сот мұндай қатаң шараны орынсыз деп санап, қаланың басты әуе қақпасының жұмысын тоқтату экономикалық салдарға әкелуі мүмкін екенін ескерді.