Алматы әуежайында ірі бұзушылық анықталды

Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті профилактикалық бақылау барысында Алматы халықаралық әуежайының қаржылық қызметінде кемшіліктерді анықтаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жүргізілген тексерудің барысында акционер болып саналмайтын заңды тұлғаға 6,8 млрд теңге сомасына дивидендтердің заңсыз төленгені әшкереленді.
Бұл стратегиялық нысанның активтері мен даму мүмкіндіктерін төмендетіп, оның қаржылық тұрақтылығына әсер етті.
Тексеру нәтижелері бойынша тиісті қаражат әуежайдың шотына толығымен қайтарылды. Аталған ақша АХӘ дамытып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен басқа да сервистерді жақсартуға бағытталатын болады.
Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров айтқандай, 2025 жылы енгізілген тың тәсілдердің арқасында бақылау органы жаппай тексерудің орнына атаулы(нақты) түрдегі жұмысқа басымдық берген. Комитет сын-қатері жоғары аймақтарға баса мән беріп, осы тәсіл тиімділіктің артуына әсер еткен. Тұтастай алғанда, тексерулер 22% қысқарып, анықталған бұзушылықтар сомасы 36% ұлғайған. Жүргізілетін әр тексерудің үштен бірінің тиімділігі артып келеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджетке 400,0 млрд теңге қайтарылып, сондай-ақ 1,2 млрд теңге көлемінде айыппұл өндірілді.








