Алматы дамуының негізгі басымдықтарының бірі цифрландыру

Алматы қаласының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспары қабылданды. Негізгі басымдықтар қатарында көлік жүйесін кешенді дамыту, қолайлы қалалық орта қалыптастыру, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, экологиялық бастамаларды қолдау, цифрлық трансформацияны жеделдету және қауіпсіздік деңгейін арттыру көзделген. Қалада интеллектуалды көлік жүйелері енгізіліп, Almaty AI Park құрылады.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды хабарлап, көлік инфрақұрылымын дамытуға және қоғамдық көліктің тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған кешенді жобалардың жүзеге асырылып жатқандығы жөнінде мәлімдеді.

Даму жоспарына сәйкес, қалада көлік ағынын басқарудың интеллектуалды жүйесі енгізіледі. Бұл шара қозғалыс уақытын қысқартып, атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды азайтуға мүмкіндік береді.

Әкімнің айтуынша, қалада жол инфрақұрылымы саласындағы бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында көлік айрығы пайдалануға беріліп, Абай даңғылын ұзарту арқылы көлік қозғалысы ашылды. Сонымен қатар 35 шақырым жаңа автомобиль жолы салынды, 281 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жеткізілді.

Бұдан бөлек, №7 қалалық аурухана мен «Салем» базары маңында екі көлік-тоқтау кешенінің құрылысы аяқталды. «Саяхат» аялдама торабы аумағында қоғамдық көлік бағыттарының өзара байланысын және ыңғайлы ауысуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.

Қаланың қоғамдық көлік паркін жаңғырту мақсатында биыл 940 газбен жүретін автобус сатып алынды, оның 340-ы жеке тасымалдаушылар есебінен алынған. Сондай-ақ жекеменшік компаниялар 153 электробус сатып алды. Ағымдағы жылы жолаушылар ағыны 33 пайызға өсіп, тәулігіне 1,6 млн транзакцияға жетті.

«Қаланың заманауи көлік қаңқасын қалыптастыру – Алматының негізгі басымдықтарының бірі. Біз радиалды жолдарды ұзарту мен көлік айрықтарын Алматы облысы аумағында қала бюджеті есебінен салу туралы шешім қабылдадық. Бұл БАКАД-пен көлік интеграциясын жеделдетіп, агломерацияның өзара байланысын арттырады. Сонымен қатар 2026 жылы “Қалқаман” метро станциясын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Алдағы үш жылда бірінші желі “Барлық” базарына дейін жеткізіледі, екінші және үшінші метро желілерінің жобалары әзірленуде. BRT жылдам бағыттарын дамыту жалғасады. Үш жаңа автобус паркінің құрылысы басталды. Автобус жүргізушілерінің қауіпсіздігі мен демалысы үшін 20 тоқтау-айналу алаңы салынады. Сондай-ақ үш көлік-ауысу торабы құрылады, бұл қала мен қала маңын байланыстыратын ыңғайлы ауысу нүктелерін қамтамасыз етеді», – деді Дархан Сатыбалды.