Алматы облысында әкім өлімге әкелген жол апатына тап болды

Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулеталиев көлік жүргізіп келе жатып, адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасына тап болды. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апатына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметші ауруханалық жағдайда болғандықтан, қызметтік тергеу уақытша мүмкін емес. Процессуалдық іс-шаралар аяқталғаннан кейін және мемлекеттік қызметші жұмысқа шыққан соң, тәртіптік шара қолдану мәселесі Әдеп кеңесінің қарауына шығарылады, – делінген ресми хабарламада.
Ресми деректерге сәйкес, Дулат Дәулеталиев 1986 жылы Алматы облысы Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында дүниеге келген.
2008 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін “қаржыгер” мамандығы бойынша, 2014 жылы Алматы университетін “құқықтану” мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2012 жылы Панфилов ауылы әкімінің орынбасары міндетін атқарушы ретінде бастаған.
2013 жылдың 12 наурызынан 2022 жылдың 16 қазанына дейін Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары, ал 2022 жылдың 16 қазанынан бастап округ әкімі болып қызмет атқарып келеді.








