Алматыда мәдениет және ақпарат саласының қызметкерлері марапатталды

Алматыда Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының үлкен залында мәдениет, өнер, бұқаралық ақпарат құралдары, архив және кітапхана ісінің өкілдері жиналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, мерекемен құттықтады. Министр медиа, өнер, архив және кітапхана саласындағы 61 қызметкерге мемлекеттік наградалар табыстады.
Мемлекет басшысы мәдениет саласын дамытуға, шығармашылық адамдарын қолдауға ерекше көңіл бөледі. Кеше елордада бір топ мәдениет және ақпарат саласы майталмандары марапатталды. Оның ішінде Меруерт Өтекешова, Айтқали Жайымов, Тамара Асар сынды өнер қайраткерлері «Халық әртісі» атағымен марапатталды. Сонымен қатар, елімізді әлемдік ареналарда танытып жүрген, болашағына үміт артар жастарымызға да мемлекеттік марапаттар табысталып отыр, – деді министр.
Бүгін марапат иелерінің қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының, Республикалық академиялық неміс драма театры және Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының актерлері, режиссерлері, әкімшілік қызметкерлері мен сахна саңлақтары бар.
Орталық мемлекеттік архив және Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мамандарының еңбегі жоғары бағаланды. Ел баспасөзінің дамуына зор үлес қосқан «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің қызметкерлері, теле және радио саласының өкілдері де елеусіз қалған жоқ.
Марапаттау рәсімінің соңында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры солистерінің мерекелік концерті өтті.
Іс-шара аясында Аида Балаева «Театр және суретші» симпозиумының қатысушыларымен кездесті. Оған Қазақстанның белгілі суретшілері, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Ресейдің өнер саласының өкілдері қатысты.








