Алматыда өртенген балалар үйінің тәрбиеленушілері қайда баратыны белгілі болды

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматыдағы өртенген балалар үйінің тәрбиеленушілері жақын арада басқа ғимаратқа ауысатынын жеткізді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
“Перзент” қайырымдылық қорының балалар үйінде тұрып жатқан балаларды барып көрдім. Кеше бұл ғимаратта өрт болған еді. Балаларды уақытша шипажай ғимаратына орналастырды, жағдайлары жасалған (балаларға ойыншықтар әкелуді сұрадым). Балалар дәл сол кезде түскі ас ішіп жатқан екен. Қазір барлығы 29 бала қалды, себебі 6 баланы ата-аналары алып кеткен. Бірнеше күн ішінде балаларды мектепке жақын орналасқан қордың басқа ғимаратына көшіреді. Өрт шыққан ғимараттағы жөндеу жұмысы шамамен үш айдың ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр, – дейді Динара Зәкиева.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласында өрт сөндірушілер Наурызбай ауданы Алтын орда көшесі бойында орналасқан балалар үйі өртенгенін жазған едік. Сондай-ақ 35 тәрбиеленуші мен қызметкерлер уақытша сауықтыру санаторийіне орналастырылған еді.








