Алматыда XXV қысқы Олимпиада ойындарының қатысушылары марапатталды

Алматыдағы Almaty Arena спорт кешенінде XXV қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегері мен қатысушыларына арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға спорт ардагерлері, олимпиада чемпиондары, бапкерлер, спорт қауымдастығы өкілдері және қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Алматы әкімдігіне сілтеме жасап.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды спортшыларға алғыс білдіріп, олардың ел намысын қорғағанын атап өтті.

«Алматылықтардың атынан Михаил Шайдоровты тарихи жетістігімен шын жүректен құттықтаймын. Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдесін жеңіп алу – бұл аса жоғары жетістік әрі бүкіл Қазақстан үшін үлкен мақтаныш», – деді қала басшысы.

Сонымен қатар, Дархан Сатыбалды Евгений Кошкин, Ростислав Хохлов, Данил Васильев және ең жас спортшы Илья Мизерныхтың еңбегін ерекше атап өтті. Илья Мизерных тұғырдан секіру бойынша еліміздің тарихындағы үздік нәтиже көрсетіп, Олимпиадада үздік ондыққа енді.

Марапаттау рәсімінде спортшыларға тұрғын үй және ақшалай сертификаттар табыс етілді, бұл олардың спорттағы қажырлы еңбегінің бағасы болды.