Алматылық жазушылар мен шығармашылық зиялы қауым жаңа Конституция жобасын қолдады

Алматы қаласындағы Достық үйінде еліміздің жаңа Конституциясының жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Жиынға белгілі отандық жазушылар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері қатысты. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов аталған жоба қоғамның мүддесін ескеретінін атап өтті.
– Бүгін біз ел үшін аса маңызды мәселе – жаңа Конституция жобасын талқылау үшін жиналдық. Ол халықпен ашық диалог барысында қалыптасып, қоғамның шынайы мүдделерін көрсетеді, – деп атап өтті спикер.
Кездесуде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан да сөз сөйледі. Ол елдің одан әрі табысты дамуы үшін жаңа Конституцияның қажет екенін атап өтті.

– Әрине, қолданыстағы Негізгі заңда барлық маңызды мәселелер ескерілген, азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері бекітілген. Алайда әлем бір орында тұрмайды, сондықтан Конституция да бұл үдерістерді көрсетуі тиіс. Сонымен қатар Конституция жобасының қазақ тілінде әзірленуі аса маңызды. Сондай-ақ оның бүгінгі таңда әртүрлі жастағы, мамандықтағы, әлеуметтік жағдайдағы адамдар арасында кеңінен талқылануының маңызы зор. Бұл көп жайтты аңғартады, – деді спикер.
Жалпы, пікірталас барысында конституциялық реформаның негізгі бағыттары, жаңа Конституция жобасында қоғамға, мәдениетке және шығармашылық салаға қатысты көзделген нормалар, сондай-ақ азаматтық институттардың рөлі мен жауапкершілігі жөнінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Қатысушылар құқықтық реформалардың ел дамуы үшін стратегиялық маңызын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту қажеттігін, сондай-ақ сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндікті институционалдық тұрғыда нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, шығармашылық қауымдастық өкілдері жаңа Конституция тек құқықтық құжат қана емес, қоғамдық сананы жаңғыртуға, әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын бекітуге ықпал ететін рухани негіз болуы тиіс екенін айтты.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Негізгі заң жобасының негізгі бағыттары мен ұсынылған реформаларды бірауыздан қолдайтындарын білдірді.








