Алматының цифрлық көшірмесі пайда болады

Мегаполистің виртуалды көшірмесі әзірленіп, жол инфрақұрылымы, ғимараттардың техникалық жағдайы, ауаның сапасы және өзге де маңызды деректер жинақталады. Цифрлық көшірме күн сайын келіп түсетін ақпаратты талдап, көлік ағындарын тиімді бөлу, қолайлы қалалық орта қалыптастыру және төтенше жағдайларға жедел ден қою бойынша ақылды шешімдер ұсынатын болады.
Аталған технология нақты уақыт режимінде күнделікті ахуалды бақылаумен қатар, ықтимал мәселелерді алдын ала болжауға және тәуекелдерді барынша азайта отырып, қаланың алдағы дамуын жоспарлауға мүмкіндік береді. Жол-көлік оқиғасы, істен шыққан шам, заңсыз қоқыс үйіндісі немесе ағаштарды заңсыз кесу секілді ұсақ-түйекке дейін жүйе назардан тыс қалдырмайды. Бейнемониторинг арқылы оқиға анықталған жағдайда, қалалық қызметтер оған жедел әрекет ете алады.
Алматының виртуалды моделі Сингапур мен Шанхай сияқты ірі қалалардың тәжірибесі негізінде әзірленуде. Жобаны қаржыландыру Қытайдың Халықаралық даму ынтымақтастығы агенттігінің (China International Development Cooperation Agency) гранттық қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Бұған дейін ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев қаланың цифрлық көшірмесі қандай модульдерден тұратынын айтқан болатын.
Бірінші модуль табиғи ресурстарды, қауіп-қатерлерді, жер мен су ресурстарын, экологияны мониторингтеуді, тәуекелдерді болжауды және су тапшылығын басқаруды қамтиды. Екінші модуль әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналып, демография, көші-қон, еңбек нарығы, инвестициялық белсенділік және экономиканың құрылымдық салалары талданады. Үшінші модуль инфрақұрылым мен қала құрылысына, соның ішінде көлік ағындарын модельдеуге бағытталған, – деді академия басшысы.
Алматы Smart City дамуына арналған якорлық жоба Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы әріптестермен бірлесіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әзірленген техникалық платформа негізінде жүзеге асырылады. Қазіргі таңда пилоттық жоба бойынша техникалық тапсырма дайындалып жатыр. Ол аяқталғаннан кейін, 2026 жылы жүйені құруға арналған конкурс жарияланады.
Алғашқы кезеңде Алматының геоинтеллектуалдық көшірмесі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен көлік салаларын қамтиды. Ал 2027 жылдан бастап оған басқа да салалар кезең-кезеңімен енгізіледі.
Жол белгілері, жарықтандыру жүйелері мен аялдамалар сияқты қалалық ортаның элементтерін Shark технологиясы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жүйе әр үш сағат сайын қалалық ортаның жай-күйі туралы жаңартылған ақпарат ұсынады.
Цифрлық көшірме шешуге көмектесетін негізгі мәселелер ретінде инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелуі мен көлік кептелістері, жол-көлік оқиғалары, инженерлік желілердің жетіспеушілігі мен апаттар, экологиялық проблемалар, төтенше жағдайлар және өзге де тәуекелдерді қамтиды.
Осылайша цифрлық көшірме Алматыға артып келе жатқан жүктемелерді тиімді басқаруға, дамуды жүйелі жоспарлауға және туындайтын мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.








