Астанада жылу желілері ерекше тексеріледі: Тұрғындарға маңызды ескерту жасалды

Астанада 2026 жылғы 4 сәуірде жылу желілерін тексеру мақсатында жүйеге арнайы органикалық бояғыш жіберіледі.

«Астана-Теплотранзит» АҚ мәліметінше, жылу желілерінің контурына «Натрий флуоресцеині» (Уранин А) бояғышы қосылады. Бұл шара құбырлардағы жасырын ақауларды, су қыздырғыштардың бекітуші арматурасы мен тұтынушылардың жылу желілеріндегі тығыз еместіктерді анықтауға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, бояғышты пайдалану желілік судың ысырап болу себептерін дер кезінде анықтап, ақауларды уақтылы жою үшін қажет.

Уранин А адам ағзасы үшін қауіпсіз екенін атап өтті. Ол жылумен жабдықтау жүйесінде бояғыш индикатор ретінде қолдануға рұқсат етілген. Сонымен қатар бұл зат құбыр суының сапасына әсер етпейді, — деп түсіндірді компания өкілдері.

Алайда бояғыштың ыстық сумен жабдықтау жүйесінде пайда болуы су ысытқыштың зақымдалғанын білдіреді. Егер краннан жасыл түсті ыстық су аққаны байқалса, тұрғындар дереу тиісті қызметтерге хабарлауы қажет.

Мұндай жағдайда келесі нөмірлерге қоңырау шалу керек:

– «iKOMEK 109» қызметі;
– «Астана-Теплотранзит» АҚ жедел-диспетчерлік қызметі: 77 12 00, 77 12 11 (тәулік бойы);
– Реттеу қызметінің диспетчерлері (жұмыс күндері 08:00–12:00 және 13:00–17:00 аралығында):
79 88 96 – «Есіл» және «Нұра» аудандары;
39 69 11 – «Сарыарқа» және «Байқоңыр» аудандары;
77 12 92 – «Алматы» және «Сарайшық» аудандары.

Мамандар ыстық сумен жабдықтау жүйесінде желілік судың болуына жол берілмейтінін ескертті.