«Бақыттымын…»: Алып қашу енді қылмыс саналады

2025 жылы Қылмыстық кодекске енгізілген 125-1-бап алып қашуды қылмыс деп таныды. Алайда қоғамда келісімсіз алып қашуды қолдайтын, “кезінде алып қашса да, қазір бақыттымыз” дейтін әйелдер бар. Бұл шындық па, миф пе? Бұл жайында BAQ.KZ тілшісі психолог Гүлнұр Сапаровадан сұрап-білді.
Психологтың айтуынша, келісімсіз алып қашудың құрбаны болған қыз бақытты әйел болуы мүмкін, бірақ ондай жағдайлар сирек кездеседі.
Бірінші айтып кететін жайт, ол – кездейсоқтық. Мен 10 жыл практикамда ажырасқан әйелдермен, балалық кезде сексуалды зорлық көргендермен және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істеп келе жатырмын. Менің практикамда ажырасуға алып келген жағдайлардың 70 пайызы – алып қашу немесе ұзақ уақыт таныс болмай, бір-бірін жақсы танымай асығыс шешім қабылдау. Сондықтан “алып қашса да, бақыттымын” деп айтатындарда қорғаныс механизмі іске қосылады, — дейді маман.
Оның айтуынша, арада біршама уақыт өтіп, артқа қайтар жол болмаған соң алып қашудың құрбаны болған әйел “менде бәрі жақсы, мен бақыттымын” деп рационализация жасайды.
Адамның өзі емес, қорғаныс механизмі сөйлейді. Неге танып, біліп, жақсы көріп, махаббатпен тұрмыс құрмасқа? Егер екі нұсқаны берсе, ол әйел міндетті түрде махаббатты таңдайды деп ойлаймын. Қазір артқа қайтар жол жоқ болмаған кезде өзін осылай жұбату – жақсы стратегия, — деді Гүлнұр Сапарова.
Айта кетейік, бұған дейін психолог Гүлнұр Сапарова және әлеуметтанушы Ақнұр Иманқұлмен BAQ.KZ подкастына қатысқан еді.








