Бал экспорты рекорд жаңартты: 1 477 тонна шетелге жөнелтілді

Қазақстанда ара шаруашылығы соңғы жылдары қарқынды дамып, ауыл шаруашылығы саласының табысты әрі стратегиялық маңызы бар бағыттарының біріне айналып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл саладағы оң өзгерістер өндіріс көлемінің артуынан ғана емес, экспорт географиясының кеңеюінен де айқын көрініп отырғанын айтады.

Экспорт көлемі 2,5 есеге өскен

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан шетелге 1 477 тонна бал экспорттаған. Бұл 2024 жылғы 603 тоннамен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Демек, отандық өнімге халықаралық сұраныс жоғары.

Негізгі экспорттық бағыт – Өзбекстан. Бұл елге 1 264 тонна немесе жалпы экспорт көлемінің 85,6 пайызы жөнелтілген. Сонымен қатар қазақстандық бал Канада, Қытай, Сауд Арабиясы, Ресей және Америка Құрама Штаттарына шығарылған. Ал биыл алғаш рет Оман нарығына жол ашылды, — дейді ауыл шаруашылығы министрлігі.

Сарапшылар мұны отандық өнім сапасының жақсаруымен және мемлекеттік қолдаудың нәтижесімен байланыстырады.

Ішкі өндіріс нығайды

Бал импорты едәуір қысқарып, 2024 жылғы 1 663 тоннадан 262,4 тоннаға дейін төмендеді. Бұл ішкі өндірістің артқанын және қазақстандық өндірушілердің ішкі нарықтағы үлесі күшейгенін көрсетеді.

Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарында 241 мың ара ұясы тіркелген. Оның 90,2 мыңы – асыл тұқымды. Бұл – селекциялық жұмыстың жүйелі жүргізіліп жатқанын аңғартады, — дейді министрлік.

Жылына 5 мың тонна бал өндіріледі

Елімізде жыл сайын шамамен 5 мың тонна бал өндіріледі. Оның:

  • 46,5 пайызы (2,3 мың тоннасы) – жеке қосалқы шаруашылықтарда;
  • 54 пайызы (2,7 мың тоннасы) – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан өндіріледі.

Бұл көрсеткіштер салада шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді екенін дәлелдейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, ара шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілуде. Мал шаруашылығын дамыту қағидалары аясында өндіріс шығындарын азайту мақсатында өткізілген әр килограмм бал үшін 200 теңге көлемінде субсидия қарастырылған.

Сонымен қатар 2024 жылы 2025–2027 жылдарға арналған ара шаруашылығын дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді. Жұмыс тобы «Ара шаруашылығы туралы» және «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңдарға өзгерістер әзірледі.

2025 жылғы сәуір айында бұл түзетулер Парламент қарауына жолданды. Ал 11 ақпанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ара шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті, — деп жазады министрлік.