Түркістан облысында жасөспірімдердің төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету дағдыларын жетілдіруге бағытталған дәстүрлі облыстық «Жас құтқарушылар» слеті ұйымдастырылды. Ауқымды шара Төлеби ауданындағы табиғаты көркем Біркөлік шатқалында орналасқан «Тау барысы» туристік лагерінде өтіп, өңірдің түкпір-түкпірінен келген үздік командалардың басын қосты.
Слетті Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық Білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және олар туындаған жағдайда дұрыс әрекет ету дағдыларын үйрету.
Қазіргі таңда табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуда халықтың қауіпсіздік сауаттылығын арттыру маңызды міндеттердің бірі болып саналады. Осы тұрғыдан алғанда, «Жас құтқарушылар» слеті оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, олардың өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді.
Биылғы жарысқа облыстың қала және аудандарында өткен іріктеу кезеңдерінде үздік нәтиже көрсеткен 11 команда қатысты. Әр команда өз өңірінің намысын қорғап, түрлі кезеңдер бойынша шеберліктерін сынға салды.
Қатысушыларға құтқарушылар қызметінде жиі кездесетін практикалық тапсырмалар ұсынылды. Атап айтқанда, шартты кедергілерден өту, арқан арқылы өткелден өту, су айдындарында зардап шеккендерді құтқару, алғашқы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдай кезінде жедел шешім қабылдау және командалық үйлесімділікті көрсету бойынша жарыстар ұйымдастырылды.
Сайыс барысында оқушылар тек дене дайындығын ғана емес, сонымен қатар тапқырлықтарын, төзімділіктерін және қиын жағдайда жылдам әрекет ету қабілеттерін көрсетті. Әсіресе құтқару операцияларын модельдеу кезеңдері қатысушылардың қызығушылығын тудырып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Мұндай жарыстардың маңызы зор. Өйткені бүгінгі жас құтқарушылар ертең төтенше жағдайлар саласында еңбек ететін кәсіби мамандардың қатарына қосылуы мүмкін. Сонымен қатар олар алған білімдерін күнделікті өмірде пайдаланып, өздерінің және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады.
Жарыс қорытындысы бойынша жоғары дайындық деңгейін көрсеткен командалар жеңімпаз атанды. Бас жүлдені Арыс қаласының командасы жеңіп алды. Бірінші орын Төлеби ауданының командасына бұйырса, екінші орынды Кентау қаласының жас құтқарушылары иеленді. Ал үшінші орын Қазығұрт ауданының командасына табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жас құтқарушылар» слеті жас ұрпақтың бойында жауапкершілік, батылдық, тәртіп және өзара көмек көрсету сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл жарыс балалар мен жасөспірімдердің төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған тиімді жобалардың бірі болып табылады.
Түркістан облысында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл слет жастардың құтқарушы мамандығына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін нығайтуға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосуда.
