C5+1 саммиті: Вашингтондағы кездесуден Қазақстан не күтеді

6 қарашада Вашингтонда АҚШ пен Орталық Азия елдерінің қатысуымен саммит өтеді. Бұл – АҚШ астанасында осындай деңгейде ұйымдастырылып отырған алғашқы кездесу болмақ. Бұған дейін, 2023 жылы, алғашқы саммит БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өткен еді.
Дональд Трамптың бастамасымен Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары C5+1 дипломатиялық платформасының 10 жылдығына арналған саммитке ресми шақырту алды. Бұл алаң өңір елдері мен АҚШ арасындағы қауіпсіздік, экономика және өзге де маңызды бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайту мақсатында құрылған.
Саммит барысында қандай тақырыптар талқыланбақ және АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы серіктестік қандай бағытта дамиды? Вашингтонның өңір елдеріне қатысты стратегиясы қандай және Америка саясатының негізгі басымдықтары неде?
Осы және өзге де мәселелер туралы толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.
«АҚШ-тың жаңа әкімшілігі айқын саясат ұстанып отыр»
Maqsut Narikbayev University Халықаралық экономика мектебінің оқытушысы Тимур Қоғабаевтың пікірінше, АҚШ Орталық Азиядағы Ресейге қарсы санкциялар төңірегіндегі өзгерістерді байқап, өз мүдделерін шешуге тырысып отыр.
Осындай қолайлы экономикалық және саяси жағдай қалыптастыруға бағытталған әрекеттер Қазақстан мен солтүстік көршісінің тауар айналымына теріс әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар бұл Орталық Азия аймағында саяси шиеленістің артуына әкелуі ықтимал. Ал АҚШ-та Байден кеткеннен кейін жаңа әкімшілік неғұрлым айқын әрі ашық саясат жүргізіп келеді. Олар өз шарттарын алдын ала нақты белгілеп, ашық жариялап отыр. Бұл – санкциялар, дағдарыс пен белгісіздік жағдайында тұрақтылықты сақтау үшін қажет шара, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, саммитте басты тақырыптардың қатарында сирек кездесетін металдар саласындағы ынтымақтастық, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын дамыту және АҚШ тарапынан технологиялық секторға жаңа тікелей шетелдік инвестициялар (FDI) тарту мәселелері болады.
Білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту — академиялық алмасулар, цифрлық технологиялар мен стартап-жобалар бағытындағы сұраққа сарапшы былай деді:
Қазір мұндай бастамалар туралы айту ертерек, себебі АҚШ Орталық Азия елдерінің азаматтарын қоса алғанда, студенттік визаларды беру бойынша уақытша шектеулер енгізген. Бұл өз кезегінде білім беру саласындағы ынтымақтастықтың дамуын және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруды тежеп отыр.
Сарапшының пайымдауынша, АҚШ Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды әріптестердің бірі ретінде қарастырады, бірақ оны аймақтың жалғыз көшбасшысы деп есептемейді. Вашингтон үшін Орталық Азия елдері әлі де «ресейлік фактор» тұрғысынан қаралатын бағыт болып қала береді: яғни бұл мемлекеттер АҚШ-тың Мәскеуге ықпал ету стратегиясының бір бөлігі ретінде қабылданады, ал дербес сыртқы саясат бағыты ретінде әлі толық бағаланған жоқ.
Осы орайда, сарапшының айтуынша, бүгінде Өзбекстанның экономикасы неғұрлым әртараптандырылған, бұл оны икемдірек әрі инвесторлар үшін тартымды етеді. Ал аймақтағы көшбасшылық мәселесіне келсек, мұнда нақты баға беру қиын: өңір елдерінің табыс құрылымы, реформалардың қарқыны мен жүргізіліп отырған экономикалық саясаттың сапасы бір-бірінен едәуір ерекшеленеді.
Жаһандық тұрғыдан алғанда, сарапшының бағалауынша, айтарлықтай өзгерістер күтуге негіз жоқ. Өйткені әлемдік экономика баяу өсім кезеңінде тұр. Дегенмен, саммит АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған нақты тетіктер мен ұсыныстарды айқындайтын алаңға айналуы мүмкін. Айтарлықтай ілгерілеуді қазірден күту ерте болғанымен, сарапшы жаңа келісімдер Қазақстан мен жалпы аймақ үшін қолайлырақ жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді деген үміт білдірді.
Қазақстан мен Өзбекстан ұстанымдарын үйлестіру ме?
Саясаттанушы Талғат Қалиевтің пікірінше, АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты нақты айқындалған, дербес саясаты бар деу қиын — бұл өңір әзірге Вашингтонның сыртқы саясатының басым бағыты ретінде қарастырылып отырған жоқ. Дегенмен, жалпы контекстті, яғни қазіргі әкімшіліктің Қытай және Ресеймен қарым-қатынастарын ескеру маңызды.
Қазір біз Ресейдің экономикалық мүмкіндіктерін шектеу мақсатында оған айтарлықтай қысым жасалып жатқанын байқап отырмыз. Бұл бағытта Қытай мен Үндістанды Ресей мұнайының импорты көлемін азайтуға бағыттау бойынша шаралар қабылдануда. Сонымен қатар Қытайдың өз экономикалық әлеуетін шектеуге де қадамдар жасалып жатыр, – деді саясаттанушы.
Саясаттанушы АҚШ Орталық Азиядағы қандай да бір елге жеке басымдық бере қоймайды деп есептейтінін алға тартты. Керісінше, Вашингтон өңір елдері арасында белгілі бір бәсекелестікті ынталандыруға тырысады, сол арқылы әр мемлекет өздерін АҚШ-тың негізгі серіктесіне айналдыруға ұмтылады.
Оның бағалауынша, қазіргі таңда Қазақстан мен Өзбекстан АҚШ саясаты үшін маңыздылық деңгейі жағынан шамамен бір деңгейде тұр. Соңғы уақытта екі мемлекет те осындай форматтағы саммиттерде өзара келісілген, ортақ ұстаным қалыптастыруға ұмтылып отырғанын анық байқауға болады. Саясаттанушының пікірінше, алдағы кездесудің алдында президенттер Тоқаев пен Мирзиёевтің телефон арқылы сөйлесіп, ұстанымдарын келісіп алуы әбден мүмкін.
«Эмоционалды әрі тосын мінезді АҚШ көшбасшысы»
Саясаттанушы Таир Нигмановтың айтуынша, Дональд Трамп билікке келгеннен кейін АҚШ-тың саясаты айтарлықтай өзгерді. Оның сөзінше, бұл жерде Демократиялық және Республикалық партиялардың көзқарастарындағы дәстүрлі айырмашылық айқын көрінеді.
Сарапшы атап өткендей, Республикалық партия үшін, әсіресе Трамптың өзіне, әлемдік демократияны ілгерілету, адам құқықтарын қорғау, экологиялық стандарттарды сақтау, әйелдер мен ЛГБТ қауымдастықтарының құқықтары сияқты мәселелер негізгі басымдық болып саналмайды.
Нигманов бұған мысал ретінде USAID ұйымының төңірегіндегі жағдайды келтіреді. Ол кезде Ақ үй түрлі елдерде ЛГБТ қауымдастықтарын қолдауға бағытталған бағдарламаларды ашық сынаған болатын.
Саясаттанушының пікірінше, Дональд Трамптың мүдделері Джо Байденнің ұстанымынан айтарлықтай өзгеше. Байден әкімшілігі «жасыл» технологияларды дамыту мен тұрақты энергетикаға басымдық берген болса, Трамп нақты секторға – өнеркәсіп пен дәстүрлі энергетика салаларына көбірек мән береді.
Нигманов бұл айырмашылық Трамптың саяси стилін айқындайды дейді: ол импульсивті, эмоцияға берілгіш, бірақ прагматикалық көшбасшы ретінде экономикалық мүддені бәрінен жоғары қояды.
Алдағы саммитте қандай мәселелер ең өзекті болатыны туралы сұраққа жауап берген сарапшы былай деді:
Қауіпсіздік тақырыбында басты назар, шамасы, Ресейге қарсы санкциялар мен Орталық Азия елдерінің оған деген ұстанымына аударылмақ. Жалпы, америкалық саяси элита арасында Қытайды АҚШ-тың негізгі қарсыласы әрі бәсекелесі ретінде қабылдау жөнінде бірыңғай көзқарас бар. Онымен күресу және оның ықпалына қарсы тұру қажет деген ортақ пікір қалыптасқан. Сондықтан бұл мәселе де сөзсіз талқыланады. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің Қытаймен қарым-қатынасы, экономикалық ынтымақтастық, инвестиция тарту және өзге де аспектілер де күн тәртібінде болады деп ойлаймын.
Әрине, қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмайды.
Өйткені Орталық Азия географиялық тұрғыда Таяу Шығыс пен Ауғанстанға жақын орналасқан. Сонымен қатар өзара ынтымақтастықты дамыту, жаңа америкалық инвестицияларды тарту және өңірде жүзеге асқан жобалардың болашағы сияқты тақырыптар да талқылануы мүмкін. Менің ойымша, дәл осы бағыттар саммиттің негізгі өзегіне айналады, – деді сарапшы.
Сондай-ақ ол Қазақстан мен АҚШ арасындағы академиялық алмасуларды дамыту әлеуеті бар екенін атап өтті.
Сарапшының айтуынша, Бостондағы терактіден кейін АҚШ тарапынан қазақстандықтарға берілетін білім визаларының саны біртіндеп азайып, соңында өте төмен деңгейге жеткен. Осыған байланысты, саясаттанушы қазір ең болмағанда бұрынғы деңгейдегі алмасу бағдарламаларын қайта қалпына келтіру және АҚШ-та оқитын қазақстандық студенттердің санын арттыру маңызды деп санайды.
Цифрлық технологиялар мен стартаптар тақырыбына тоқталған сарапшы бұл бағыттың әлдеқайда күрделі екенін айтты:
Бұл – ең алдыңғы қатарлы сала. Сондықтан АҚШ өңір елдерімен өз технологиялық жетістіктерімен ашық бөлісуге әзір емес деуге болады, – деді ол.
Саясаттанушының айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп өзін импульсивті әрі эмоцияға берілгіш көшбасшы ретінде қалыптастырған.
Дональд Трамптың екіжақты келіссөздері басқа халықаралық кездесулерге қалай әсер ететінін алдын ала болжау өте қиын. Ол – көңіл күйдің адамы, сезімге көп сүйенетін саясаткер. Көпшілік санасында ол тосын шешім қабылдауға қабілетті, қатал әрі эмоцияға толы көшбасшы ретінде қалыптасты. Ең қызығы, Трамп бұл бейнені өз мүддесіне тиімді пайдалана біледі. Ол саяси сахнада күтпеген әрекеттерімен ерекшеленеді және дәл осы ерекшелігі оған келіссөздер кезінде жиі басымдық береді. Қарсыластары оның позициясын қаншалықты қатаңдатуға дайын екенін болжай алмай қиналады. Сондықтан дәл осындай тәсілмен келіссөз жүргізу, әсіресе АҚШ-тың басты бәсекелесі әрі күрделі серіктесі саналатын Қытай сияқты елмен сөйлескенде, жағдайды алдын ала болжауды барынша қиындатады, – дейді саясаттанушы.
Қазақстан алдағы саммиттен қандай пайда көруі мүмкін деген сұраққа сарапшы былай деп жауап берді:
Менің ойымша, бұл жолы басымдық саясатқа беріледі. Себебі АҚШ-қа соңғы ресми сапар жуырда – қыркүйекте өтті. Сол кезде Президентіміз БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеген еді. Ал Ассамблея аясындағы кездесулердің көбі америкалық бизнес өкілдерімен өткен болатын. Бұл жолғы саммитте негізгі назар саясатқа ауысатын сияқты. Дегенмен бұл ірі америкалық корпорациялар басшыларымен кездесулер болмайды дегенді білдірмейді.
Сондай-ақ сарапшы бұл жолғы негізгі басымдыққа тоқталды.
Тағы да қайталап айтсам, бұл жолы негізгі басымдық — саяси ынтымақтастықта болады деп ойлаймын.
Тәуелсіздікті нығайту мәселесі — өте күрделі тақырып. Қазақстан қазір әр мемлекетпен жүргізіп жатқан келіссөздер барысында өз елінің қауіпсіздігіне кепілдік алу үшін, ең болмаса саяси деңгейде, нақты мәлімдемелерге қол жеткізуге тырысып жатыр. Мұндай қадамдар бұған дейін, мысалы, Әзербайжанмен, Қытаймен, Өзбекстанмен арадағы кездесулерде де байқалған.
Әрине, егер АҚШ президенті де Қазақстанның қауіпсіздігіне қатысты қандай да бір кепілдік туралы мәлімдесе, бұл біздің ел үшін өте тиімді болар еді, – деп қорытындылады саясаттанушы.








