Cу мәселесі: 2026 жылы су көлемі азаюы мүмкін

 Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов Қазақстанның оңтүстік өңірлерін алдағы вегетация кезеңіне дайындау мәселелері туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Комитет басшысының айтуынша, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында алдағы суару маусымына дайындыққа арналған арнайы кеңес өткен. 

Кеңесте шаруалар мен жергілікті атқарушы органдарға келер жылы күтілетін су көлемі және су ресурстарының азаюының ықтимал салдарын төмендету шаралары түсіндірілген.

Қазақстан және Орталық Азия елдері мамандарының болжамы бірдей: келесі вегетация маусымында су көлемі соңғы жылдармен салыстырғанда азаюы мүмкін. Бұл жағдай әсіресе оңтүстік өңірлерге қосымша қауіп төндіреді, себебі дәл осы аймақтарда су тапшылығы байқалуы мүмкін, — деді Сейілбек Нұрымбетов.

Су тапшылығы тәуекелін азайту мақсатында Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылмақ.

Су ресурстары және ирригация министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың мамандары бірлесіп, алдағы маусымда қолжетімді су көлеміне қарай ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егіс көлемдерін қайта қарау, оларды оңтайландыру бойынша нақты шараларды іске асырады.