Евгений Ловчев: «Адамнан кейін тек естелік қалады…»

2024 жылғы 16 желтоқсанда Қарағанды қаласындағы Серік Сәпиев атындағы Бокс орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, белгілі спорт қайраткері Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған 41-ші халықаралық турнирдің салтанатты ашылуы өтті.
Дәстүрлі халықаралық додаға Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қытай елдерінен келген 216 үздік боксшы қатысуда. Турнир жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылып, боксты дамыту мен жас спортшыларды қолдауға бағытталған маңызды спорттық шаралардың бірі саналады.
Жанкүйерлер үшін кіру тегін болған ашылу салтанатына бірқатар танымал спортшылар мен қоғам қайраткерлері арнайы шақырылды. Алғаш болып жарыс қатысушыларын Олимпиада чемпионы, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев құттықтады. Ол өз сөзінде бұл турнирдің маңыздылығына тоқталып, кезінде өзі де осы жарыста бақ сынағанын атап өтті.
Сондай-ақ салтанатты шарада Жарылғаповтар әулетінің жақын досы, Олимпиада ойындарының жүлдегері, КСРО-ның 1972 жылғы ең үздік футболшысы Евгений Ловчев сөз сөйледі.
«Адамнан кейін тек естелік қалады. Бұл турнирдің 41-ші рет өткізіліп, жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылуы — Ғалым Жарылғаповқа деген терең құрметтің, оның есімінің ел жадында мәңгі сақталғанының айқын дәлелі», — деді ол.
Турнир төрт күнге созылады. Финалдық жекпе-жектер 20 желтоқсанда өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыс бокс сүйер қауымға жоғары деңгейдегі тартысты кездесулер мен жағымды әсер сыйлайды деп күтілуде.









