Қазақстан 2027 жылы интернетпен 100% қамтылады

0

2027 жылға қарай Қазақстан халқының 100%-ы интернетпен толықтай қамтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, соңғы үш жыл ішінде телекоммуникация секторына 1 трлн теңгеден астам қаражат құйылған. Соның нәтижесінде еліміздегі интернеттің орташа жылдамдығы 94 Мбит/с деңгейіне дейін өсті.

Саланы дамыту 2024–2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. 2027 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ы интернетпен қамтылады. Интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-тан асып, оптикалық байланыс желілері ауылдық елді мекендердің 90%-ына дейін тартылады, – деді Жаслан Мәдиев.

Вице-премьердің мәліметінше, 2026 жылдың соңына дейін тағы 3000-нан астам ауылды магистральды талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылады деп күтілуде. Осылайша, ауылдардың 90%-дан астамы сымды технологиялар арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді.

Бұл жобаларды іске асыруға 2027 жылдың соңына дейін жалпы құны 323 млрд теңге болатын инвестиция салу жоспарланып отыр. Елді мекендердің қалған 10 пайызы интернетпен спутниктік байланыс арқылы қамтылатын болады. Сонымен қатар мобильді байланыс желілері де кеңейеді: 4G технологиясы елдегі ауылдардың 92 пайызына дейін жетсе, 5G желісі республикалық және облыстық маңызы бар 20 қалада енгізіліп, олардың шамамен 60–75 пайыз аумағын қамтиды. Бұған қоса, 2027 жылдың соңына дейін 40 мың шақырым автомобиль жолы бойында 4G жылжымалы интернеті қолжетімді болады.