Қазақстан киік мүйіздерін сатып, пайда таппақ

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мәжіліс кулуарында министрліктің қоймаларында шамамен 20 тонна киік мүйізі сақтаулы тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл мүйіздер негізінен браконьерлікпен алынған киіктерден жиналған. Биыл оларды халықаралық нарыққа шығару жоспарланып отыр.

Киік мүйізі қалай сатылады?

Министрдің айтуынша, киіктердің саны реттелгеннен кейін олардың мүйіздері арнайы рәсімделеді: қабылдау пункттері мен жергілікті әкімдіктерде ақпараттық жүйеде тіркеліп, Алматыдағы арнайы қоймаларға жеткізіледі. Қоймаларда температура мен ылғалдылық қатаң бақылауда, әр мүйіз жеке нөмірленіп, таңбаланады және қозғалысы толық бақыланады.

Әр мүйіз нақты тіркелген және бақылауда болады, – деді Нысанбаев.

Сирек және жойылып бара жатқан тұяқты жануарларды қорғау жөніндегі Бонн конвенциясының талаптарына сәйкес, Қазақстан жылына 10 тоннадан артық киік мүйізін экспорттай алмайды.

Қазір Экология министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі бірге сатылым механизмін әзірлеп жатыр. Бір-екі айдың ішінде аукцион жариялап, мүйіздерді сатуды бастаймыз деп ойлаймын, – деді министр.

Киік мүйіздерін сатудан түскен қаражат биологиялық әртүрлілікті сақтау, киіктерді қорғау және қажетті көліктер мен жабдықтарды сатып алуға жұмсалады. Бұл шаралар жануарлардың тіршілігін қамтамасыз етуге және табиғатты қорғауға қосымша мүмкіндік береді.

Еске салсақ, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мәжіліс кулуарында Қытайға сыйлыққа берілетін ақбөкендер қашан жіберілетінін айтты.