Қазақстан Қытайға күнбағыс майын жеткізетін ірі елдердің қатарына кірді

Қазақстандық май-тоңмай өнімдерін өндірушілер Қытайға экспорт көлемін айтарлықтай арттырды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Қытай нарығына күнбағыс майын жеткізетін елдер арасында екінші орынға шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Шанхай қаласында өткен Chinese Grains & Oils Congress 2026 халықаралық конференциясында «Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Ядыкар Ибрагимов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қытайға жеткізілетін күнбағыс майы көлеміндегі Қазақстанның үлесі 36%-ға жеткен.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Қытай нарығына күнбағыс майын жеткізетін елдер арасында екінші орынға шықты, – деді Ибрагимов.

Қауымдастықтың дерегінше, бір жыл ішінде Қазақстаннан Қытайға экспортталған май-тоңмай өнімдерінің көлемі 44%-ға өсіп, 440 мың тоннаға жеткен. Ал экспорттан түскен табыс 37%-ға артып, 312 млн долларды құраған.

Қауымдастық басшысы жеткізілімнің артуына логистиканың жақсаруы ықпал еткенін атап өтті. 2024 жылдың басынан бері Қауымдастық пен «Қазақстан темір жолы» компаниясы Достық – Алашанькоу шекара өткелі арқылы өсімдік майын тасымалдау бойынша пилоттық жобаны іске асырып келеді.

Осы кезеңнен бастап Қытай бағыты бойынша жөнелту жоспарының орындалуы 90%-дан асты. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 40%-дан аспаған еді, – деді Ибрагимов.

Сонымен қатар биыл наурыз айында Қауымдастық пен «Қазақстан темір жолы» күнбағыс шротының түйіршіктелген түрін астық тасымалдайтын вагондармен Қытайға экспорттауды келісу бойынша жаңа механизмді пилоттық режимде іске қосты.

Бұл жүйе бұрыннан қолданылып келе жатқан өсімдік майын тасымалдау тетігі негізінде әзірленген.