Қазақстан мен Әзербайжан $1 млрд жолында: Әлиевтің Астанаға сапары не береді

0

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астанаға мемлекеттік сапармен келді. Бұл – соңғы үш жыл ішіндегі Әзербайжан көшбасшысының Қазақстанға үшінші ресми сапары және ол екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі сенім мен стратегиялық серіктестікті айқын көрсетеді.

2023 жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы $533 млн-ға жетіп, Транскаспий (Орта) дәлізі бойынша жүк тасымалының көлемі 62%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаға дейін артқан. Сапар аясында тараптар инвестиция, көлік, энергетика және цифрландыру салаларында жаңа келісімдерге қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін береді. BAQ.KZ тілшісі бұл сапардың мәні мен ол екі ел арасындағы қарым-қатынастың болашағына қандай мүмкіндіктер ашатынын анықтап көрді.

Түркі ынтымақтастығы және жаңа саяси белгілер

Әлиевтің Қазақстанға шақырылуы – шілдеде өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінен кейінгі логикалық әрі символикалық қадам. Бұл – тұрақты саяси үйлесімділіктің және түркі елдері арасындағы саяси жақындасудың айғағы.

2022 жылы тараптар Одақтастық және стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойған болатын. Ал 2024 жылы екі ел бірігіп Физули қаласында Құрманғазы атындағы орталықты ашты. Бұл Қарабақты қалпына келтіруге Орталық Азия елдерінің алғашқы үлесі болды.

Осының бәрі екі мемлекеттің өзара сенімді нығайтып, одақтастық үлгісін қалыптастыруға дайын екенін көрсетеді.

Саясаттанушы Алмас Аубекеровтің айтуынша, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастардағы сапалық серпіліс бірқатар факторлардың жиынтығымен байланысты.

Соңғы жылдары геосаяси және экономикалық факторлардың ықпалымен Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы байланыс айтарлықтай жанданды. Ең алдымен, жаһандық өзгерістер (соның ішінде санкциялық тәуекелдер) аясында екі мемлекет өзара үндес ұлттық мүдделерге сүйенген ынтымақтастықты нығайтып келеді. Президент Әлиевтің өзі атап өткендей, екі ел арасындағы саяси диалог жоғары сенім мен тұрақтылыққа негізделген – қарым-қатынас стратегиялық көзқарас пен өзара қолдауға сүйенеді, – дейді сарапшы.

Әлиев соңғы үш жылда үшінші рет Қазақстанға сапарлап келіп отыр. Бұл – жоғары деңгейдегі кездесулердің жүйелі өтіп отырғанын және екі ел арасындағы саяси сенім мен аймақтық тұрақтылық үшін тандемнің маңызын арттыра түскенін көрсетеді.

Бұл ынтымақтастық кеңірек түркі интеграциясы тұжырымдамасына сай келеді. Қазақстан мен Әзербайжан мәдени-тарихи ортақтықты нақты экономикалық және геосаяси жобаларға айналдыруға ұмтылып отыр.

Қазақстан мен Әзербайжан тандемі түркі интеграциясының өзегіне айналды, бірақ ол прагматизм мен тең құқылыққа негізделген, – дейді саясаттанушы Алмас Аубекеров.

Оның айтуынша, екі елдің одақтастық қарым-қатынасы бүгінде түркі ынтымақтастығының “тұтқасына” айналып отыр. Ортақ тарихи-мәдени негізге сүйене отырып, Баку мен Астана барлық тараптың мүддесіне сай заманауи жобаларды жүзеге асыруда. Түркі мемлекеттері ұйымы арқылы олар көлік дәліздерін тоғыстырудан бастап, бірлескен инвестициялық қорлар құруға дейінгі экономикалық бастамаларды ілгерілетіп, түркі бірлігін декларативті ұрандардан нақты іске айналдырып келеді.

Экономикалық серпін және оның шектеулері

Саяси жақындасуға қарамастан, сауда-экономикалық қатынастарда құрылымдық түйткілдер әлі де бар. ҚР Статистика комитетінің дерегінше, 2023 жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы $533 млн-ға жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 15%-ға артқан. Алайда екі тарап көздеген $1 млрд межесіне әлі жете қойған жоқ.

Сауда көлемінің өскеніне қарамастан, $1 млрд деңгейіне жетуге бірқатар объективті шектеу кедергі болып отыр. Ең бастысы – өзара сауда құрылымы әлі де тар. Қазақстан негізінен Әзербайжанға шикізат (металл, мұнай, астық) экспорттайды, ал Әзербайжаннан бізге құбыр өнімдері, алюминий және азық-түлік жеткізіледі. Бұл — пайдаланылмай отырған әлеуеттің белгісі. Қазіргі $533 млн тауар айналымы екі ел арасындағы ықтимал экономикалық серіктестіктің тек аз ғана бөлігін қамтиды, – деп атап өтті саясаттанушы.

Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жолындағы ең үлкен кедергілердің бірі ұзақ уақыт бойы логистика болып келді. Ортақ шекараның болмауы тараптарды теңіз және теміржол инфрақұрылымын, сондай-ақ цифрлық сауда дәліздерін дамытуға итермеледі. Бүгінде екі мемлекет те порттарды жаңғыртуға, флотты кеңейтуге және Digital Trade Corridor жобасын іске қосуға белсенді түрде инвестиция салып жатыр. Бұл бағыттағы қадамдар бұрынғы шектеулерді біртіндеп жоюда.

Соңғы бес жылда екі ел арасындағы сауда көлемі бес есеге өсіп, $500 млн-нан асты. Ал 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында $547 млн болып, өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда үш есеге артты. Перспективалар өте жақсы: Қазақстаннан экспортталатын 130 жаңа тауар түрін ұлғайту жоспарланып отыр, сонымен қатар бірлескен инвестициялық қорлар құрылуда. Егер логистика одан әрі жаңғыртылып, тауарлар номенклатурасы кеңейсе, $1 млрд межесіне жету алдағы уақытта әбден мүмкін, – деді Алмас Аубекеров.

Орта дәліз: бәсекенің орнына синергия

Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастығындағы басты бағыттардың бірі – Орта дәлізді дамыту. Бұл – Қытай мен Еуропаны Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы байланыстыратын стратегиялық жол.

Санкциялық тәуекелдер мен жаһандық логистиканың қайта құрылуы жағдайында осы бағыттың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. 2022 жылы Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалының көлемі екі есеге өсіп, 3,2 млн тоннаға жетсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,5 млн тоннаға дейін артқан.

Орта дәліз бен Каспий көлік торабы бойынша ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие және екі тарап үшін де тиімді. Қазақстан мен Әзербайжан іс жүзінде Азия мен Еуропаны байланыстырып отыр. Олар санкциялық тәуекелдерден тыс, ең тиімді әрі қауіпсіз бағыт ұсынуда, – деп түсіндірді саясаттанушы Алмас Аубекеров.

2025 жылы тараптар Транскаспий бағытының бірыңғай операторын құруды, сондай-ақ Ақтау мен Алят порттарын дамыту мен цифрлық шешімдерді енгізуді жоспарлап отыр. Бұл қадамдар жүк тасымалының мерзімін қысқартып, кедендік рәсімдерді біріздендіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, Қазақстан мен Әзербайжанның Еуразия картасындағы негізгі транзиттік буын ретіндегі рөлі одан әрі күшейе түседі.

Тараптар арасындағы бәсекелестік барынша аз. Керісінше, бұл бағытты жүзеге асыру тығыз өзара байланыс пен сенімді серіктестікті талап етеді. Бір буынның жетістігі екіншісіне де тікелей пайда әкеледі. Сол себепті Астана мен Бакудің ұстанымы бәсекеге емес, мүмкіндіктерді “қосу мен көбейту” қағидатына негізделген, – деді сарапшы.

Энергетика мен Каспий: тұрақтылық пен өзара үйлесім

Энергетика – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басты бағыттарының бірі болып қала береді. Қазақстан мұнай экспортын әртараптандыру мақсатында Баку–Тбилиси–Жейхан мұнай құбырын баламалы маршрут ретінде белсенді пайдаланып келеді. 2023 жылы осы бағыт арқылы 3,4 миллион тонна мұнай тасымалданды, ал 2027 жылға қарай бұл көлемді 7 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Екі елдің әріптестігі сондай-ақ 2018 жылы қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға негізделген. Бұл құжат теңіз шекараларын айқындау мен табиғи ресурстарды пайдалану ережелерін бекітуде маңызды кезең болды.

2018 жылғы Конвенция – бетбұрыс сәт болды. Қазақстан мен Әзербайжан оның талаптарын қатаң сақтап келеді. Құжат Каспий маңы елдерінің егемендік құқықтарын нақты шектейді, экологиялық кепілдіктер сақталған жағдайда теңіз түбімен құбырлар мен кабельдер жүргізуге рұқсат береді, транзит еркіндігін және Каспийде бөгде әскери күштердің болмауына тыйымды бекітеді. Екі ел арасында даулы мәселе жоқ – теңіз түбін бөлу туралы келісімдер 1990–2000 жылдары жасалған. Қазір шешілмеген кейбір жайттар басқа каспий маңы мемлекеттеріне қатысты, олар Сыртқы істер министрлігінің арнайы жұмыс тобы аясында талқылануда, – деп атап өтті Алмас Аубекеров.

Сын сәті: әуе апаты және үшжақты диалогтың беріктігі

Қазақстан, Әзербайжан және Ресей арасындағы ынтымақтастықтың беріктігін сынаған оқиғалардың бірі – 2024 жылдың желтоқсанында Ақтау маңында орын алған AZAL әуе апаты болды. Ондаған адамның өмірін қиған бұл қайғылы жағдай дипломатиялық дағдарысқа ұласуы мүмкін еді. Алайда керісінше, ол жауапкершілік пен өзара сенімге негізделген үшжақты ықпалдастықтың нақты үлгісіне айналды.

2024 жылғы AZAL рейсінің әуе апаты “Әзербайжан – Қазақстан – Ресей” үштағаны үшін үлкен сынақ болды. Бірақ бұл оқиға, керісінше, олардың ынтымақтастығын күшейтті. Қайғылы апаттан кейін үш ел де бірден бірлескен тергеуге кірісті. ICAO талаптарына сәйкес, тергеуді Қазақстан жүргізіп, оған әзербайжандық, ресейлік және халықаралық сарапшылар қатысты, – деді саясаттанушы Алмас Аубекеров.

Мәскеу ресми түрде Бакуден кешірім сұрап, Владимир Путин оқиға мән-жайын жеке өзі түсіндірді. Тергеудің ашық жүргізілуі, ақпараттың жедел алмасуы және ортақ шешімдердің қабылдануы – зардап шеккендерге өтемақы төлеуден бастап, техникалық себептерді бағалауға дейін, яғни жағдайдың ушығуына жол бермей, керісінше, сенім мен өзара түсіністік атмосферасын нығайтуға мүмкіндік берді.

Осындай ашықтық өзара сенімсіздіктің өсуіне жол бермей, күрделі мәселелердің де диалог арқылы шешілуі мүмкін екенін көрсетті. Баку Мәскеу мен Астананың тергеудегі ынтымақтастығын жоғары бағалады. Нәтижесінде, бұл оқиға қаншалықты ауыр болса да, Қазақстан, Әзербайжан және Ресей арасындағы байланысты күшейтті. Үш ел қауіпсіздік мүддесі жолында тығыз үйлесімділіктің маңыздылығына көз жеткізді, – деп атап өтті сарапшы.

Саяси белгі және сапардың мәні

Ильхам Әлиевтің Астанаға бұл сапары тек экономикалық емес, сонымен қатар саяси тұрғыдан да терең мағынаға ие.

Президент Әлиевтің Қазақстанға алдағы мемлекеттік сапары – екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі сенім мен стратегиялық бірліктің айқын көрінісі. Мұндай форматтағы сапар – бұл кездейсоқ емес. Ол Қазақстан мен Әзербайжанның бір-бірін одақтас, аймақтық міндеттерді бірлесе шеше алатын серіктес ретінде көретінін дәлелдейді, – дейді саясаттанушы Алмас Аубекеров.

Сапар барысында порт инфрақұрылымын дамыту, Батыс Қазақстанда бірлескен индустриялық хаб құру, білім беру құжаттарын өзара мойындау және мәдени ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімдерге қол қойылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, логистика, энергетика, машина жасау және IT салаларындағы жобаларды қаржыландыратын бірлескен инвестициялық қор құру бастамасы да талқыланады.

Соңғы отыз жылда Қазақстан мен Әзербайжан тек өзара қайшылықтардан аулақ болып қана қойған жоқ, сонымен бірге екіжақты қатынастарды жаңа еуразиялық архитектураның тірегіне айналдырды. Екі ел бір-бірімен бәсекелеспейді: керісінше, бір-бірін толықтырып, күшейтеді. Орта дәлізді дамыту мен «жасыл» энергетикадан бастап, цифрлық және гуманитарлық ынтымақтастыққа дейінгі серіктестік жан-жақты әрі өзара тиімді бағытқа айналып келеді.