Қазақстан мен Таиланд іскерлік байланысты нығайтпақ

Астанада Таиланд үкіметтік делегациясымен кездесу өтті. Делегацияны Таиланд Корольдігі Сыртқы істер министрінің хатшысы Сарун Чароенсуван бастап келді. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған нақты қадамдарды талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиынға ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Қазақстанның Таиландтағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марғұлан Баймұхан, Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков, сондай-ақ Қазақстанның даму институттарының өкілдері қатысты.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 255,1 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,9%-ға артты. Сонымен қатар, осы кезеңде Қазақстанның Таиландқа экспорты алты еседен астам өсті. Бұл жеткізілетін өнім түрлерінің кеңеюі және жаңа экспорттық бағыттардың пайда болуымен байланысты.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты жандандырудың нақты тетіктеріне тоқталды. Атап айтқанда, екі елдің кәсіпкерлері үшін өзара бизнес-миссиялар ұйымдастыру, халықаралық салалық көрмелерге қатысу, сондай-ақ сауда, инвестиция, туризм және технология салаларында бірлескен жобаларды іске қосу мәселелері қарастырылды.

Қазақстанның даму институттары бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған бастамалары мен құралдарын таныстырды. Kazakh Invest инвестициялық жобаларды сүйемелдеу туралы ақпарат берсе, Kazakh Tourism туристік бағыттарды дамыту жайын айтты, ал Astana Hub технологиялық экожүйе мен стартап жобаларды таныстырды.

Сонымен қатар, қазақстандық экспортты ілгерілету тетіктеріне ерекше назар аударылды. QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы қазақстандық компанияларға шетелдік серіктестер табуға және жаңа нарықтарға шығуға көмектесетін QazMade халықаралық B2B платформасын таныстырды.

QazMade — Қазақстанның экспорттық әлеуетін көрсететін цифрлық алаң. Платформа әртүрлі салалардағы экспортқа бағытталған компанияларды біріктіріп, шетелдік бизнеске еліміздегі сенімді серіктестерді жылдам табуға мүмкіндік береді. Таиланд компаниялары үшін бұл — қазақстандық өндірушілермен тікелей іскерлік байланыс орнатып, жаңа жобаларды іске қосуға жол ашады, — деді QazTrade Бас директорының орынбасары, PhD Айнұр Әмірбекова.

Келіссөздер қорытындысында тараптар Қазақстан мен Таиланд бизнесі арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға және ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін растады.

Алдағы уақытта бизнес-миссиялар, көрмелер және цифрлық сауда құралдарын пайдалану сияқты келісілген шараларды іске асыру екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың дамуына қосымша серпін береді деп күтілуде.