Қазақстанда -35°С аяз болады

Қазақстанға қатаң аяз келуде: синоптиктер 9-11 желтоқсан аралығында елдің солтүстік және шығыс өңірлерінде температура -35°С-қа дейін төмендейтінын ескертеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Солтүстік антициклон Қазақстанға қатты аяз алып келеді.

Метеорологтардың айтуынша, жылы өткен күзден кейін қазақстандықтар қыстың алғашқы ызғарын сезінеді. 9 желтоқсаннан бастап солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерге солтүстік антициклон жылдам таралады.

Суық ауа массаларымен толыққан бұл антициклон алдымен еліміздің солтүстік бөлігінде, кейін бүкіл аумағында жауын-шашынның тоқтауына және ауа температурасының күрт төмендеуіне себеп болады, — деп мәлімдеді синоптиктер.

Түнгі уақытта термометр көрсеткіші солтүстік өңірлерде -22…-30 градусқа дейін, шығыста -27…-35 градусқа дейін төмендейді. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста аяз -10…-20 градусқа дейін күшейеді.

Бұған дейін Қазақстанда ауа райы нашарлап, бірнеше облыста көктайғақ күтілетіні туралы хабарлаған болатынбыз.

«Қазгидромет» 2025 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың ақпанына дейінгі қыс маусымына, сондай-ақ 2026 жылдың наурызына арналған консультативтік ауа райы болжамын жариялады. Толығырақ мына жерден оқи аласыздар.