Қазақстанда алғаш рет жасөспірімге жүрек трансплантациясы жасалды

UMC дәрігерлері ел тарихында тұңғыш рет балаға жүрек ауыстыру отасын сәтті өткізді.
Дәрігерлердің мәліметінше, пациент 15 жаста. Ол 10 жасынан бастап жүректің күрделі ауруынан зардап шеккен. Әрі бұл жағдайының жиі нашарлауына, тұрақты түрде ауруханаға жатқызылуына, күнделікті өмірінде елеулі шектеулерге тап болуына себеп болған.
Донор — 43 жатағы ер адам, оған ми өлімі диагнозы қойылған. Диагноз расталғаннан кейін оның туыстары қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына келісім берді. Олардың бұл шешімі, сондай-ақ дәрігерлер мен трансплантациялық топтың үйлесімді жұмысының арқасында жасөспірімге жаңа, толыққанды өмірге қадам басу мүмкіндігі берілді. Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы қанағаттанарлық, ол жансақтау бөлімінен профильдік операциядан кейінгі бөлімшеге ауыстырылды, — деп хабарлады UMC Жүрек Орталығының баспасөз қызметі.
Орталықтан хабарлағандай, бүгінгі таңда түрлі ағзаларды трансплантациялауға мұқтаж 123 кәмелетке толмаған науқас күту тізімінде тұр. Олардың 9-ына жүрек трансплантациясы қажет.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова операциядан кейін пациент пен оның анасына жеке келіп, баланың жағдайын сұрап, отбасына қолдау білдірді және медициналық командаға атқарған жұмысы үшін алғыс айтты. Бұл операция — Қазақстанда балалар трансплантологиясын жүйелі түрде дамытудың негізі. Бүгінгі күні балаларға жүрек трансплантациясы әлемнің шектеулі елдерінде ғана жасалады, ал барлық трансплантациялардың шамамен 80%-ы АҚШ клиникаларына тиесілі. Осындай операцияның Қазақстанда жүргізілуі балаларға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін қажетті құзыреттер мен инфрақұрылымның бар екенін дәлелдейді, — деп жазылған хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысында үшем дүниеге келгені хабарланды.








