Қазақстанда өлім-жітім азайғанымен, жүрек пен жүйке аурулары әлі де басты қауіп болып тұр

0

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде 64,6 мың адам қайтыс болған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,3%-ға аз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Өлім-жітім себептерінің басында бұрынғысынша жүрек пен жүйке жүйесі аурулары тұр.  Атап айтқанда, жүрек ауруларынан – 15,4 мың адам, жүйке жүйесі ауруларынан – 11,2 мың адам көз жұмған. 

Сондай-ақ жаңа түзілімдерден – 6,9 мың, тыныс алу органдарының ауруларынан – 6,5 мың, ас қорыту жүйесі ауруларынан – 5 мың адам қайтыс болған.

Қайтыс болғандар саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда 6,1 мың адам тіркелген. Одан кейін Қарағанды облысы (5,2 мың), Түркістан облысы (4,9 мың), Алматы облысы (4,6 мың) және Шығыс Қазақстан облысы (4 мың) орналасқан. Ең төмен өлім-жітім көрсеткіші Ұлытау, Маңғыстау және Атырау облыстарында байқалады.

Мамандардың айтуынша, бұл деректер елдегі медициналық кадрмен қамтылу деңгейімен де байланысты болуы мүмкін. 2024 жылы әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда 411,1 дәрігерден келген. Бұл көрсеткіш ТМД елдерінің орташа деңгейінен (308,7) және ЭЫДҰ елдерінен (333) жоғары. Дегенмен Еуропалық одақ (507,6) пен Ресейден (508) төмен.

2025 жылдың екінші тоқсанында денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 595,2 мың адам жұмыс істеген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3%-ға көп.

Медициналық кадрлар санының айтарлықтай өсуі Ақтөбе облысында (+28,3%), Алматы облысында (+22,3%) және Астанада (+16%) байқалған.
Алайда елдің жартысына жуық өңірінде бұл саладағы жұмыспен қамтылу көрсеткіші төмендеген. Сарапшылардың пікірінше, бұл денсаулық сақтау жүйесі үшін алаңдатарлық белгі болуы мүмкін. Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтардың дәрігер қателіктерінен зардап шеккені туралы жазған болатынбыз.