Қазақстанда жеке медициналық сақтандыру жүйесін енгізу ұсылды

Қазақстанда жеке медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бастамасы қайта көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілісте өткен денсаулық сақтау саласына қатысты заң жобасын талқылау барысында депутаттар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қатар жеке сақтандыру жүйесін енгізу қажеттігі айтылды.
Бастаманы депутат Айдос Сарым ұсынды.
Бұған дейін бұл мәселе орынды емес деп қабылданған болатын. Бірақ бұл жолы біз осы бағытта табанды жұмыс істейміз. Жеке медициналық сақтандыру қажет. Неліктен білім мен зейнетақы жүйесінде түрлі тетіктер бар, яғни аннуитеттер және басқа да құралдар қарастырылған, ал азаматтарға денсаулықты қорғау саласында жаңа мүмкіндіктер берілмейді? Неге жұмыс берушілердің денсаулық сақтау үшін төлейтін қаражатының бір бөлігін нақты мақсатқа бағыттауға болмайды? Осылайша, адамдарды өз денсаулығына инвестиция салуға ынталандыруға болар еді, – деді депутат.
Айдос Сарымның пікірінше, мұндай сақтандыру жүйесін алдымен белгілі бір азаматтар санатына енгізуге болады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов бұл мәселе өткен сессияда бірнеше рет көтерілгенін айтты.
Біз талдау жүргіздік. Мемлекет пен Қор тарапынан төленетін барлық шығынның шамамен 56 пайызы жеңілдік санатындағы азаматтарға тиесілі. Ал жұмысшылар мен жұмыс берушілерден түсетін жарналар денсаулық сақтау жүйесіне түсетін қаражаттың шамамен 80 пайызын құрайды (ТМККК шығындарын есептемегенде). Сондықтан “жұмыс берушілер артық төлейді” деу қисынсыз. Жыл сайын жүйе теңгерімде ұсталып, келесі жылға аванс ретінде қаражат сақталады, – деді ол.
Айтуынша, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі зейнетақы немесе білім беру саласындағы жан басына қаржыландыру жүйелерінен ерекшеленеді, себебі бұл — ынтымаққа негізделген жүйе, онда әрбір адамның жеке жарнасы мен шығыны бөлек есептелмейді.
Барлық қаражат ортақ қорға жиналып, кейін қажетті медициналық қызметтерге жұмсалады. Бұл – ынтымақты сақтандырудың басты қағидасы, – деп түсіндірді Айдын Құлсейітов.
Депутат Асхат Аймағамбетов бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді. Ол мәселені жұмыс топтарында тереңірек талқылау қажет екенін айтты.
Біз бұған дейін шартты жинақ жүйесін ұсынған едік. Яғни қаражаттың бір бөлігі, мысалы, 10-15 пайызы азаматтың өз атына ашылған шартты есепшотта жиналып, кейін ол ақшаны, мысалы, стоматологиялық қызметке жұмсауға мүмкіндік болсын дегенбіз. Бірақ соңғы сәтте Денсаулық сақтау министрлігі бұл норманы күтпеген жерден алып тастады. Енді жаңа ұсыныс бұдан да кең, адамдарды сақтандыру келісімін Мемлекеттік қор арқылы емес, жеке сақтандыру қорымен жасай алуы тиіс және сол арқылы сол қызметтерді алу мүмкіндігі болуы керек, – деді депутат.